Екібастұзда ферроқорытпа зауыты ашылды

Павлодар облысы тағы бір алпауыт өндіріс ошағымен толықты. Екібастұзда «EkibastuzFerroAlloys» зауыты іске қосылды.

Кәсіпорын болат, шойын және алюминий қорытпаларын өндірудің негізгі компоненті - жоғары маркалы ферросилиций шығарады. Жоғары технологияларға негізделген жобаға 92 млрд теңге инвестиция салынды. Жылдық қуаттылығы 240 мың тонна ферросилиций шығаратын бұл кәсіпорын әлемдегі ең ірі өндіріс орындарының біріне айналмақ.

Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов жобаның стратегиялық маңызына тоқталды. Өндіріс шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, қайта өңдеу секторын жедел дамыту сынды Президент айқындаған бағыттарға толық сай келеді.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- Бұл жобаның бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екібастұз қаласына іс-сапары барысында қолға алынды. Жаңа кәсіпорын тек өндіріс саласын дамыту ғана емес, сонымен қатар еңбек адамына тұрақты жұмыс, жоғары табыс және болашаққа зор үміт береді деп сенемін.

Зауыттың құрылысына 92 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы - 240 мың тонна жоғары сапалы ферросилиций.

Мадияр Данияров, «Ekibastuzferroalloys» зауытының бас директоры:

- Зауыт құрылысы барысында 1,5 мыңға жуық адам жұмыс істесе, бүгін зауытта қосақалы 800-ге жуық тұрақты жұмыс орыны ашылуда. Зауыт барлық әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес салынды.

Өңірге тартылған инвестициялар мен жаңа серпінді өндірістердің іске қосылуының арқасында Павлодар облысы 2027 жылға қарай республикалық субвенциялардыалудан бас тартып, қаржылық дербестікке жетуді және донор-аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков