Алатау қаласының бюджеті үш есе өсті

Жыл басында бой көтерген Алатау қаласының бюджеті қысқа уақытта үш есе өсіп, 9 млрд теңгеге жуықтады. 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17 пайызға артып, 115 млрд теңгеден астам соманы құрады. 

Шаһарға құйылған инвестиция мөлшері де едәуір ұлғайып, жуық арада 21 мыңнан аса адамға арналған жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Қазірдің өзінде қалада құны бір триллион теңгеге тең тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 18 жоба іске қосылған. Елдегі ең ірі Аlatau арнайы экономикалық аймағын салу жұмыстары да жалғасуда. 

Бұл болашақта Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластердің дамуына түрткі болмақ. Бұл туралы бүгін Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысында белгілі болды. Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиында қаланың даму жоспары талқыланып, жұмыстарды сапалы жүзеге асыру бойынша тиісті мемлекеттік орган өкілдеріне бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Хэн Файн Вонг, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:

- Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуіне елеулі үлес қосады деп ойлаймын. Алайда бірнеше мәрте мультипликативті әсер беруі мүмкін. Мұның бәрі қаржы индустриясының қай секторын таңдап алатынымызға байланысты. Біз PropTech-ті, сондай-ақ криптовалюталар мен жаңа цифрлық активтерді бағдар етіп аламыз. Бұл - қазіргі уақытта Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ индустрияның жаңа түрі.