Маңғыстау облысында әскери бөлімдер жас сарбаздармен толықты
Маңғыстау облысына Отан алдындағы борышын өтеуге барған 700-ден астам сарбаз ант берді. Салтанатты шараға жас жауынгерлердің жақындары арнайы шақырылды.
Ант қабылдау рәсімінен соң сарбаздар саптық даярлық, атыс қаруымен қоян-қолтық ұрыс, әуе қарсыласының шабуылына тойтарыс беру тәсілдерін көрсетті. Алдағы уақытта олар «Жас мамандар» бағдарламасы аясында артиллерист, танкші, атқыш, барлаушы-байланысшы секілді мамандықтарды меңгереді. Қазақ әскеріне жуырда қабылданған жастар теңіз жаяу әскері бригадасы мен Бейнеудегі барлау полкінде мерзімді әскери қызмет атқарады.
Ратбек Қуатбекұлы, 25744 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары:
- Жас сарбаздар бір айдың ішінде алғашқы әскери және атыс дайындығы сабақтарын өтті. Олар әскери өмірге толық дайын. Сенбі-жексенбі күндері қалалық сейілдемеге шығып, дүйсенбі күнінен бастап толық өздерінің міндетіне кірісетін болады.