Қарағанды облысында 45 мың жеке үйге өртке қарсы құрылғы орнатылды
Қарағанды облысында 45 мың жеке үйге өртке қарсы дабыл құрылғысы орнатылды.
Датчиктер тұрмысы төмен отбасылардың баспанасына тегін қойылды. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметкерлері пештердің жылыту маусымына дайындығын тексеріп, мұржаларын тазартып берді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мынадай дабыл құрылғысы өрт кезінде адам өмірін құтқарып қалады. Аз мөлшерде түтін шыққанның өзінде бұл белгі береді. Егер үйде осындай құрылғы болмаса, өзіңіз сатып алып орнатуыңызға болады.
Төтенше жағдай қызметкерлері жалғыз тұратын зейнеткерлер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға барып құрылғыны тегін орнатып жүр. Жылу беру маусымы басталғалы осындай құрылғының арқасында бес үй тілсіз жаудан аман қалған. Солардың бірі көп балалы Мария Левеннің отбасы.
Мария Левен, қала тұрғыны:
- Балалар тоқ пешке бәліш пісіріп жатқан. Бір кезде кенеттен құрылғы шулап қоя берді. Алғашында не болғанын түсінбей қалдық. Ешқандай от жоқ, тек бәліштер күйіп кетіп, аздап түтін шыққан еді. Соның өзінде құрылғы іске қосылды. Сенімді зат екен.
Облыс бойынша 100 000-нан астам жеке үй бар. Кейбір тұрғындар өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайды. Пештің жарамдылығын, тоқ сымдарын тексеруді, мұржаны тазалауды естен шығарады. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үйлерді аралап жүр. Өңір бойынша 45 мың үйге дабыл құрылғысы орнатылған.
Құрмет Жұмекенов, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
- Біз осы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың барлығын жүз пайыз қамтып, өрт хабарлағыш датчиктерін орнатқан болатынбыз. Енді бұл үйлердің саны бізде 7184 облыс бойынша. Енді осы өрт қауіпсіздігі айлығында осы үйлерді қайта өтіп, жаңағы өрт хабарлағыш датчиктерін тексеріп, істен шыққандарын ауыстырып, сондай жұмыстар атқардық.
Былтыр жылу беру маусымында облыс бойынша жеке үйлерде 314 өрт болған. Тілсіз жау салдарынан 16 адам көз жұмды. Ал биыл қазан айынан бері жеке үйлерде 70 өрт жағдайы тіркелген.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит