Астанада «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» форумы өтті
Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты республикалық форум өтті. Шараға ҚХА құрылымдық бөлімшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен жастар ұйымдары қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың айтуынша, осы жылдар ішінде 10 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған миллионнан астам қазақстандық қатысқан. Бұл - Ассамблеяның халықпен тығыз байланысының айқын көрсеткіші. Әсіресе өңірлердегі жобалар ерекше назарға ілікті.
Атап айтсақ, Аналар кеңесінің «Жасыл сертификат» жобасы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталса, Ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат» бастамасы жауапты әрі адал азаматты қалыптастыруға үлес қосады. Форумда жастардың келісім моделін дамытудағы рөлі жоғары бағаланды.
Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- «Бірліктегі көптүрлілік» қағидаты негізінде елімізде 75-тен астам мәдени фестиваль, 50-ден астам спектакль, концерт және түрлі іс-шара өтті. Астана ерекше мәдени орталыққа айналып, алғаш рет түрлі шығармашылық ұжымдардың, халықтық өнер шеберлерінің, балалар мен жастардың республикалық фестивальдері ұйымдастырылды. Сонымен қатар Сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары Ассамблея құндылықтарын ілгерілетіп, өңірлерде көптеген кездесу өткізді. Маслихат депутаттары да қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосты.
Нәзипа Шанаи, ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы:
- Аналар кеңесі тарапынан 275 мыңдай іс-шара атқарылды. Ол қала, аудан, облыс орталығы және ауыл деңгейін қамтыған. Себебі біздің құрылымымыз ауылға жеткен, 16 мыңнан астам ана волонтер ретінде жұмыс атқарды. Ал республикалық деңгейде жоспарға енгізілген ірі шара болған. Осы 18-19 қараша күндері біз Анкара қаласында TÜRKSOY-дың алаңында жалпы Түркі әлемінің аналарының ұйымын құру туралы ұсынысымызды көтеріп, жалпы қолдау тауып жатырмыз.