Киберқылмыскерлер жаңа айла ойлап тапты

Киберқылмыскерлер пайдаланушыны жай ғана «Хабарламаларға рұқсат беру» батырмасы арқылы алдап, жеке деректеріне қол жеткізіп жүр.

Finratings.kz ақпаратына сәйкес қазір әлем бойынша Matrix Push C2 деп аталатын жаңа алаяқтық платформа кеңінен таралды. Бұл жүйе күмәнді сайтқа кірген қолданушыға браузер арқылы әдеттегі хабарлама рұқсатын ұсынады. Егер сіз «рұқсат беру» батырмасын бассаңыз, қаскөйлер бірден веб-пуш хабарламаларын жіберу мүмкіндігіне ие болады. Ең сорақысы, бұл жалған хабарламалар Chrome, Windows немесе MetaMask, Netflix, Cloudflare, PayPal, TikTok секілді танымал сервистердің ресми ескертулеріне ұқсайды. Ішінде «Тексеру», «Растау», «Жаңарту» сияқты батырмалар шығады, оны басқан сәтте қолданушы фишингтік парақшаға өтеді. Онда жеке деректерді сұрайтын жалған формалар шығып, зиянды бағдарлама орнатуды талап етеді. IT мамандарының айтуынша, платформа тіпті Telegram арқылы да сатылып жатыр. Бұл Windows, macOS, Android және Linux жүйелеріне де қауіпті. Тіпті тәжірибелі қолданушылардың өзі зиянды сайтты байқамай қалуы мүмкін. Кибералаяқтың құрбаны болмас үшін бейтаныс сайттардан келген «хабарлама рұқсатын» ешқашан қабылдамаңыз. Браузердің «Құпиялылық және қауіпсіздік» бөліміне кіріп, күмәнді сайттарға берілген «рұқсаттарды» өшіріңіз.

Әнуар Әділхан, Талдау компаниясының өкілі:

- Антивирус және браузердегі қауіпсіздік функцияларын қосу, қолдану және де жалпы фишингпен әлеуметтік инженериядан хабардар болу. Google 2023-2025 жылдар аралығындағы бұл құбылысты абьюзив, антификэйшинс контент ретінде жүктеп, хромдағы рұқсаттар мен саясаттарды бірнеше мәрте күшейтті.