Қостанай облысының үш ауылына ауызсу жетті

Қостанай облысының Федоров ауданында бірден үш ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Қазіргі кезде аудан тұрғындарының 80%-нің үйлеріне тіршілік нәрі кіріп тұр. Қалған елді мекендерде су тарату пунктері орнатылған. Болашақта оларды да орталықтандырылған желімен қамту жоспарда бар.

Вера Тугай туғаннан бері Новошумный ауылында тұрып келеді. «Ешқашан мұнда орталықтандырылған су желісі болған жоқ», – дейді. Осы күнге дейін жергілікті халық құдық суын тұтынып келген. Енді, міне, өркениеттің игілігі оларға да жетті.

Вера Тугай, Новошумный ауылының тұрғыны:

- Іште жеке дәретхана, жуынатын бөлмеміз бар. Автоматты кір жуғыш машина қойып алдық. Бойлер орнаттық, ыстық, салқын су ағып тұр. Ең бастысы немерелеріме жақсы болды. Қонаққа келгенде дірдектеп далаға жүгірмейді.

Бұл ауылда мыңға тарта адам тұрады. Бүгінде тұрғындардың 80%-тен астам суды үйлеріне кіргізіп алыпты. Шалғайдағы ұңғымадан сорғы станциясына дейін, одан жеке аулаларға жеткізуге барлығы 40 шақырымнан астам құбыр тартылған. Ал ауыл маңындағы су сорғы станциясында автоматты жүйемен басқарылатын заманауи қондырғылар орнатылған. Бұл жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1 миллиард 300 миллион тенге бөлінді.  

Сергей Лисачев, Новошумный ауылының әкімі:

- Екі су желісі тартылған. Бірі істен шықса, екіншісі автоматты түрде іске қосылады. Спутникті интернетпен басқарылады. Қосымша екі дизельді генератор орнатылды. Қысқасы ауылға ауызсу тұрақты беріліп тұру үшін барлық жағдай жасалған.

Биыл сонымен қатар Лесной, Березов ауылдары да орталықтандырылған су желісіне қосылды. 19 елді мекенде су тарату пунктері қойылған. Бір сөзбен айтқан аудан халқы 100% сапалы сумен қамтылып отыр. Бірақ мұнымен шектелмей, жергілікті әкімдік тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін әлі де жақсарта түсуді көздейді.  

Карина Мұратова, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде тағы бес ауыл бойынша жоба дайын тұр. Оларда су тарату пунктері бар. Енді содан үйлерге жеткізсек дейміз. Тиісті басқармаға бюджеттік тапсырыс беріп қойдық. Бұл жоспарды жүзеге асыруға 2 миллиард теңгеден астам қаржы қажет.

Жалпы Қостанай облысында биыл елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 50 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде өңірде ауыл тұрғындарын таза сумен қамту мәселесі толық шешіледі. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг