Ынтымақ ауылы - тәртіп пен татулықтың мекені
Жамбыл облысының Ынтымақ ауылдық округі – соңғы бес жылда өңірдегі ең тыныш ауылдардың біріне айналды. Елді мекенде осы уақыт аралығында бірде-бір қылмыс, бірде-бір елеулі құқықбұзушылық тіркелмеген. Ауыл ақсақалдары мұны жастардың тәртібі мен үлкенге деген құрметтің, сондай-ақ ауыл ішіндегі ауызбіршіліктің нәтижесі деп санайды.
Ынтымағы жарасқан Ынтымақ ауылдық округінде екі мыңнан аса адам тұрады. Үлкенге құрмет көрсеткен кіші буынды ақсақалдар мақтап отырады. Себебі ауылды көркейту үшін қариялар көтерген бастаманы жастар қолдай кетеді. Мәселен, жастары ескі кіреберіс арканы өз күшімен жаңартып жатыр. Ал ауылдан түлеп ұшқан азаматтар «Азалы ана» кешенін, «Механизаторлар» және «Ардагерлер» аллеясын салып берген. Саябақта елді мекенге еңбегі сіңген еңбек адамдарының есімдері түгел жазылған.
Жамбыл Дәулетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Еңбегі сіңген құрметті колхозшылар - осы ауылдың, озат еңбеккерлер, үлгілі адамдар ғой оның бәрі. Жастарымыз көрсін. Бұл кісілердің көбі о дүниеге аттанған. Әйтеуір олардың немерелері бар, бала шағасы бараталарын аналарын көрсін осы жерден, үлгі тұтсын деп өнеге болсын деп қойдық. Жастардың саналылығы мынау үлкендердің ақылы, әкімшіліктің тәртіпке шақыруы, учаскелік полицей бар бәрінің еңбегі ғой.
Ауылдың жасынан кәрісіне дейін өнерлі. Аналардан құралған ансамбль мереке жиындарда жастарға үлгі көрсетеді. Ал өскелең буын өнерімен аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Спортқа бейім жастарға әкімдік футбол мен жаттығу алаңын ашып берген. Сондықтан бос жүрген бала көрмейсің. Тұрғындар бизнеске де бейім. 144 кәсіпкер мен 84 шаруа қожалығы бар. Екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы аясында 160 тұрғын 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып кәсібін бастаған. Соның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатын адам саусақпен санарлық.
Тұрсыналы Құрманов, Мәдімар ауылының тұрғыны:
- 2,5 пайыз несиені алып мынау шаруашылыққа жәрдемі тиді. Мал алып сал байлап кішкене бордақылап, халыққа сатамыз. Осындай пайызды несие болса, тағы алсақ деген үмітіміз бар. Тірлік істеймін деген адамға аз пайызбен несие алу керек. Малдың басын көбейту керек.
Ынтымақ ауылында қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Табиғи газ, ауыз су, жоғары жылдамдықты интернет ауыл тұрғындарына қолжетімді. Ауылдық округ әкімі міндетін атқарушы Айдос Іңкәрбектің айтуынша, соңғы жылдары елді мекен айтарлықтай өзгерген.
Айдос Іңкәрбек, Ынтымақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
- Тоғыз көше толық жарықтандырылған. Ауыз су, көше асфальты бар. Халықтың тұрмыстық жағдайы жақсы. 2020 жылы Футбол алаңшасы Ш. Уалиханов атындағы орта мектебі әкімшілік толық күрделі жөндеуден өтті. Ауылымызды көркейту үшін 2025 жылы көктем айында 160 дана сәндік ағаштар егілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ауыл ақсақалдары мен жастары мұнымен шектелмек емес. Келер жылы балалар ойын алаңшасын салып, ауыл тұрғындарының қажеттілігін одан әрі қамтамасыз ету жоспарланып отыр. «Тереңнен тамыр тартқан тәрбие бар жерде қылмыстың болмауы заңды» деген ауыл қариялары Ынтымақтың тыныштығын да, үлгілі үрдісін де сақтап қалу – барша ауылдастың ортақ міндеті екенін айтады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан