Атырауда аулалар абаттандырылып жатыр

Атырауда «Халық қатысатын бюджет» жобасымен 44 нысанда ойын және спорт алаңдары салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – қала орталығындағы саябақтардың бірі. Тұрғындар осы жерде тынығады, серуендейді. Бұған дейін мұндағы балаларға арналған ойын алаңы әбден тозып тұр еді. Енді, міне жаңасы бой көтерді. Бұған қоса жанынан шағын футболға арналған алаң да салынған.

Бұл – халық қатысатын бюджет жобасының игілігі. Қазір құрылыс жұмыстарының 70 проценті аяқталған. Үйлердің айналасы абаттандырылып, ескі ойын алаңдары жаңартылуда. Аулаларға асфальт төсеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Рая Оңалова, қала тұрғыны:

- Біздің ауламыз тозып қалды. Содан кейін біз әкімдікке қайта-қайта ұсыныс бердік. Балалар ойнайтын алаңымыз да, асфальт та нашар еді. Көлік жүре алмайды, ойдым-ойдым жердің бәрі. Қазір енді бәрі жақсы боп жатыр.

Ролан Қодаров, қала тұрғыны:

- Қаланың ортасы. Балаларға жақсы жағдай керек қой. Балалар алаңы салынып жатыр. Артымызда көріп тұрғандай жаңа газон салынып жатыр. «Ертең бұйырса келеді», - дейді. Бұрын жағдайы нашар болды. Соны қазір жасап жатыр.

Жаңа ойын және спорт алаңдары заманауи үлгіде салынып жатыр. «Құрылыс материалдарының сапасына да ерекше көңіл бөлінді», - дейді мердігер мекеме өкілі. Олардың сөзінше, нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Әсет Нухин, мердігер мекеме өкілі:

- Газондарды күтіп отырмыз. Газон және балалар ойын алаңының мафтарын күтіп отырмыз. Заказ берілді. Бір айдай болды жұмыс бастағанымызға. 10-нан астам адам жұмыс жасап жатыр. Жылдың соңына дейін жұмысты бітіреміз, тапсырамыз.

Биыл облыс орталығында 44 жоба жүзеге асып жатыр. Ол үшін бюджеттен 1 жарым млрд теңге бөлінген.

Дулат Қуанғали, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы:

- 2023 жылы жеті мекенжайға салдық. Онымен халыққа ұнаған соң, оң қорытындысы шыққан соң, алдыңғы жылы 16 мекенжайға салдық. Алдыңғы жылдың жобасы - кішігірім доп алаңы мен спорт алаңы болды. Осы жылға балалар ойын алаңы қосылды. Сонымен қатар жазғы суару  жүйесі қосылды.

Жоба жыл сайын қарқын алып келеді. Құрылыс жұмыстары кезінде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары ескеріледі. Бұған қоса, облыс орталығында «ойын және спорт алаңдарын жаңарту» жобасымен тағы 40 аула абаттандырылып жатыр. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин