Қазақстанда 10 дроппер ісі анықталды

Елде дропперлікке қарсы қатаң шаралар қабылданғалы 10 қылмыстық іс тіркелген.

Мәселен, Семейде 23 жастағы тұрғын үш ай бойы есірткі сатудан түскен ақшаны қолма-қол шығарып отырған. Ал Оралда 18 жастағы жігіт өз картасын қылмыстық топқа сыйақы үшін екі ай пайдалануға рұқсат берген. Қылмыстық ұйым оның шотын есірткі саудасына қолданғаны анықталды. Сондай-ақ Атырау облысында 21 жастағы қыз банк есепшотына 400-ден астам күмәнді аударым жасалуына мүмкіндік берген. Тергеу бұл қаражаттың да есірткі саудасынан түскенін анықтады.

Айта кетейік, дропперлік үшін айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.