Елордада Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Цифрлық технологиялардың қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Жиынға комиссия төрағасы Игорь Рогов жетекшілік етті. Ол сандық технологиялар дамыған сайын адам құқығының бұзылу фактілері артқанын атап өтті. Осы тақырыпта Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева баяндама жасады. Оның айтуынша, басты басымдық сенімді цифрлық экожүйені қалыптастыруға беріледі. Азаматтар өз деректерінің қорғалғанына, ал қолданыстағы технологиялардың ашық әрі қауіпсіз екеніне сенімді болуға тиіс. Сондай-ақ отырыста адвокаттық қызметті дамыту мәселелері қаралды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, Жоғарғы Сот өкілдері, депутаттар, Омбудсмендер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Цифрландыру кезінде адам құқықтары бұзылуы мүмкін. Себебі бәрі электронды, цифрлы түрде болғандықтан, осыған баса назар аудару керек. Әртүрлі қылмыстар пайда болуы мүмкін осы салады. Соның алдын алу, онымен күрес жолдарын жетілдіру. Қазіргі Конституцияда адвокатура туралы ешқандай норма жоқ. Алдағы уақытта конституциялық өзгерістерге толықтыру енгізу кезінде адвокатура институтын жеке норма ретінде кірістіру жөнінде сол мәселе қарастырылады.