Қостанай облысында Қарабалықта жаңа интернет желісі тартылды

Қостанай облысының Қарабалық ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Нәтижесінде шекара түбіндегі елді мекенде интернет сапасы біршама жақсарды. Сондай-ақ биыл аудандағы бес мектеп жаңа желіге қосылды. 

Қарабалық ауданындағы кейбір елді мекендерде интернет жылдамдығы төмен. Шекараға жақын ауылдарда көрші елдің байланыс операторлары әлі күнге үстемдік етіп тұр. 

Ералхан Әбдікәрімов, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Біз шекарада болғандықтан ол жерде Ресейдің желілері болды. Біреулерге телефон соққан кезде, болмаса қоңырау келіп түскен кезде, көтеріп қалсаңыз, Ресейдің роумингі арқылы алып кетеді. Мың теңгеңіз болса, сол ұшып кетеді.

Биыл ауданда ұялы байланыс жүйесін жақсартып, интернет сапасын арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылды. Ворошилов, Гурьянов ауылдарына антенна-діңгек қондырғысы орнатылды. Ал Қарабалықтың өзінде талшықты-оптикалық желі тартылды. Қазіргі кезде 3 мың 500 абоненттің мыңға жуығы осы желіге қосылған.  

Анна Вальтер, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Бұрын интернет тым әлсіз еді. Кешке қарай тіптен баяулап қалатын. Қазір рахат. Жылдамдығы жоғары, қалаған сайтыңа тез-ақ кіресің. Бұл әсіресе біздің ұстаздардың жұмысын біршама жеңілдетті. Жасанды интеллектіні пайдаланып, оқу сабағында тың материалдарды пайдалану мүмкіндігі кеңейді.

Жергілікті әкімдіктегілер бүгінде аудандағы барлық білім ошақтары сапалы интернетпен қамтылғанын айтады. 

Ерлан Әбілов, Қарабалық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Қарабалық ауданының 35 елді мекеннің барлығында дерлік ұялы байланыс қамтамасыз етілген. Сонымен қатар барлық білім мекемелерінде интернет желілері қосылған. Жаңа желіге биыл бес мектеп қосылды. Үш ауылдық және екі мектеп аудан орталығында. Сонымен қатар Гурьянов ауылында старлинг жүйесіне бір мектеп қосылған болатын. 

Облыстық ақпараттандыру басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі 492 ауылдың 372-сі, яғни 76 проценті сапалы интернетке ие. Биыл 51 елді мекенге антенна қондырғысы орнатылады. Шағын ауылдар спутникті байланыс желісіне қосылады. Жауапты мамандардың айтуынша 2027 жылдың соңына дейін 4G мобилді интернетпен барлық елді мекендер қамтылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг