Ұлытау облысында үздік прокурорлар марапатталды

Құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін сақтауда алғы шепте жүрген прокуратура қызметкерлері жаңа облыстың құрылуы мен қалыптасуына да елеулі үлес қосып келеді. Салтанатты жиында облыс әкімі сала мамандарының үйлестіруімен әсіресе аймақта «Заң мен тәртіп» қағидатын үлгерілету сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Ұлытау облысы құрылған күннен бастап өңірімізде құқықтық тәртіпті нығайту, мемлекеттік мүддені қорғау, тұрғындардың өтініштеріне әділ қарау, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарып келесіздер. Бұл – Сіздердің жоғары жауапкершіліктеріңіздің, тиянақтылық пен табандылықтың нәтижесі.

Адалдығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген сала мамандары мен ардагерлеріне ведомстволық марапаттар мен облыс басшылығы атынан Алғыс хат табысталды. Бас Прокурордың бұйрығына сәйкес үздік мамандарға мерзімінен бұрын «Әділет кеңесшісі» сыныптық шені берілді. Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген «Үздік мемлекеттік айыптаушы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. 

Рыскүл Мұстафина, Жезқазған қаласы прокуратурасының прокуроры:

- Жезқазған қалалық сотында қаралған қылмыстық іс бойынша қатысқан болатынмын. Және де бүгінгі күні бірінші орынды иелендім. Мен үшін бұл әрине үлкен жетістік. Себебі, мен өзімнің қызметімді енді бастадым. Сондықтан да өз алғысымды білдіремін. 

Салтанаты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Прокурорлар ән шырқап, сахналық қойылым ұсынды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева