Павлодарда жаңа химия зертханасы ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодардағы педагог мамандар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орнында жаңа химия зертханасы ашылды. Мұнда заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл – болашақ педагогтардың тәжірибелік білімін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сондай-ақ қазақ ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан Ермұқан Бекмаханов атындағы кітапхана толық жаңартылды. Студенттер мен оқытушылар үшін қолжетімді цифрлық қор кеңейтіліп, оқу залы жаңаша жабдықталды.

Шараға қатысқан ардагер ұстаздар мен қонақтар Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерді атап өтті. Олардың айтуынша, қазір еркін ойлайтын, талғамы мен дүниетанымы бөлек жаңа буын қалыптасты.  Жастар уақыт талабына сай жаңаша көзқарасты қажет етеді. Сол себепті өскелең ұрпаққа сапалы білім беретін мамандардың кәсіби дайындығын күшейту басты міндет болып қала береді.

Ержан Әмірбекұлы, университет ректоры:

- Мұның барлығы да инфрақұрылымды жақсартуға, екіншіден, сапалы білім алуға, үшіншіден, жастарымыздың осы «Ертіс – Баян» өңірінің әлеуетін көтеру мүмкіндіктеріне жасап жатқан қолқабысымыз деп түсінеміз. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі әр азаматтың көңіліне үлкен көңіл-күй сыйлайды. Арман, болашаққа деген үміт бар. Сол үмітті ақтауға біз де өзіміздің тамшыдай болса үлесімізді қосамыз деп, қосып отыр деп түсінеміз.