Қазақстан әлем санасатын елге айналды
Қазақ елінің тәуелсіздігіне - 34 жыл.
Тар жол, тайғақ кешу кезеңінен өтіп егемендігін алған мемлекет қазір әлем санасатын елге айналды.
Болашаққа деген сенім, тұрақтылық пен татулық Қазақстанның басты ұстанымы. Осының арқасында көршілермен де, алыстағы державалармен де байланыс бекем. Бұл жаһандық дағдарыстардан да қиналамай өтуге мүмкіндік беріп келеді.
Бейбіт заманның арқасы – елдің тұрмысы түзелді, берекесі артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, отыз жылда ел экономикасы 4,4 есе өсті. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 20 есе ұлғайды.
Осыдан 34 жыл бұрын қазақ елі тәуелсіздігін жариялады. Өз алдына дербес мемлекет құрып, егемен елдің қазығын қағып, шаңырағын көтерді. Әрине алғашқыда оңай болған жоқ. Экономика тұралап, зауыт-фабрикалар тоқтап қалған кездер де болды.
Дегенмен, мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжанов бекем бірліктің арқасында біз сол қиын кезеңнен аман-есен өттік дейді. Өйткені бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірліктің байрағын көтерген қазақ жұрты болашағына сеніммен қарады.
Баянғали Әлімжанов, ақын-жазушы:
- Тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің картасында Қазақстан деген жеке ел, тәуелсіз ел болып, өз Туың желбіреп тұру, өзінің Әнұраны шырқалып тұру деген, бұл саналы адам үшін асқан бақыт. Осының қиындығына да, халыққа айттық, көнейік осының барлығына. Біз енді Тәуелсіздіктің жақсылығын көрейік деп. Патриот адам өз халқын сүйеді. Халқын сүйген адам халқына не тілейді? Бақыт, береке тілейді, табыс тілейді, жақсылық тілейді. Ал ол қайда болады? Ол бейбіт елде болады. Ең бірінші бейбіт елде болады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Иә, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында ел экономикасы қарқынды дамыды. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 20 есе өсті. Яғни 1994 жылы 736 долларға жуықтаса, былтыр 14 400 доллардан асты. Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің рейтингінде табыс көлемі ортадан жоғары елдер қатарына енген. Ал сыртқы сауда айналымы 16 есе ұлғайды. 9 млрд доллардан 142 млрд долларға жетті.
Жалпы ішкі өнім
1994 жылы – $735,9
2024 жылы – $14 444,6
Сыртқы сауда айналымы
1995 жылы – $9,1 млрд
2024 жылы – $142,1 млрд
Серік Ақылбай, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Жер де, оның қойнауы да, жер үсті де, жануары да, жәндігіне дейін халықтыкы. Оның алғашқы жемісін де көріп жатырмыз. Біздің жастарға, балаларға, жасөспірімдерге 18-ге келгенше Ұлттық қордан әдейілеп ақша бөлініп жатыр. Бұл бастауы ғана. Қазіргі уақытта біздің мемлекетіміз ең тұрақты мемлекет болып тұр. Орталық Азиядағы, бүкіл әлемдегі “орта держава” деген атақпен тұрмыз.
Тәуелсіздік жылдары елде күрделі реформалар жүзеге асты. Бұл барлық салаға қатысты. Халық саны 4 млн-ға көбейіп, 20 млн 400 мыңға жетті. Және ең бастысы, адамның өмір сүру жасы 11 жылға ұзарды. Бүгінде ел азаматтарының орташа жасы 64 жылдан 75 жылға жетіп отыр.
Нұрқанат Қанапия, Самат Қазанбай, Ғалымжан Абдылахат