Қарағанды облысында ауызсумен қамту жұмысы жалғасады

Қарқаралыдағы ауызсу желісінде жиі ақау шығып, қаланың сусыз қалатын кезі көп.

Бір қуанаралығы биыл «Жарлы» жерасты су көзінен құбыр тартылып, іске қосылды. Бірақ ішкі желілердің ескіргені сонша, су қысымына шыдамай жатыр. 

Сағат Түгелбаев Қарқаралының байырғы тұрғыны.    Айтуынша, бұрын  тұрғындар ұңғыманың суын тұтынған. Жалпы, қалаға су тарту жұмыстары 1987 жылы басталып, кейін қаржы тапшылығынан құрылыс тоқтап, құбырлар қолды болған. Енді Жарлы жерасты су көзінен орталық құбыр желісі жүргізілгенімен, мәселе түбегейлі шешілмеді. Су тарататын ескі желі қысымға шыдамай жатыр.

Сағат Түгелбаев, қала тұрғыны:

- Тұрбалар жарылып жатқан жағдайлар болды. Мамандардың айтуынша, 60-70 жыл болған дейді. Олар бұрынғы шойыннан істелген құбырлар. Олардың барлығы шіріп тозды ғой енді.

Қарқаралының халқы тәулігіне шамамен 1 мың текше метр су тұтынады. Бұрынғы 4 ұңғыма қазір пайдаланылмайды. Себебі    жерасты су қоры аз. Қаладан 37 шақырым  жердегі Жарлыдан тартылған орталық құбыр 1600 текше метр су жеткізеді.

Қарқаралы қаласындағы су жүйесінің 60 пайызы тозған. Құбырлар қатты қысымға шыдамайды. Соның салдарынан жиі ақау шығады. Жергілікті билік мәселені кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.

Қаладағы құбырлардың жалпы ұзындығы 34 шақырым. Былтыр  соның 10 шақырымы жаңғыртылды. Жергілікті билік құбырларды кезең-кезеңмен ауыстырамыз деп отыр.

Ғалым Мұсағалиев, Сумен жабдықтау мекемесінің басшысы:

- Менімен жасты құбырлар бар. 1995, 2007, 2003 жылы салынған. Қазіргі таңда сол 2003-те, 1995 жылы салынған құбырлар кетіп жатыр. Енді оның ішінде біз 10-15 шақырымын айырбастадық шама келгенше.

Қарқаралыда 9 мыңнан астам тұрғын бар. Ғалымдардың сөзінше Жарлы жерасты суы қаланы ғана емес, маңайдағы ауылдарды да тіршілік нәрімен қамтамассыз етуге жетеді. Жоба өңір экологиясын жақсартуға да серпін береді. Себебі ескі ұңғымалар жерасты су қорын азайтып, салдарынан орман да сиреп кеткен еді. Жалпы, облыста ауылдарды ауызсумен қамту жұмысы жалғасып жатыр. Былтыр 38 жоба жүзеге асты.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит