Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі артты

Кейінгі алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі 16 млрд киловатт-сағатқа жетті.

Сала мамандарын құттықтау жиынында Президент осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Бүгінде еліміздің электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 200-ден астам электр станциясы кіреді. Атқарылған шаралар нәтижесінде тиісті нысандардың қуаттылығы  артты. Былтырғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек.