Сыр елінде жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Қызылорда облысында кейінгі үш жылда 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жыл басынан бергі жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 пайызға төмендеді. Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, осы бағыттағы Президент тапсырмасының орындалу барысын баяндады. 

Мәселен 2022-2024-ші жылдар аралығында өңірде 130 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал биыл халықтың 43 мыңға жуығы екі қолға бір күрек тапқан.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100-ден аса елді мекенде 6 млрд 828 млн теңгеге 943 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1303 жұмыс орны ашылды. Облысымызда экономиканың барлық саласында 2022-2024 жылдары 133 мыңнан астам азамат, ал 2025 жылдың 11 айында 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы өңірімізде 2022-2024 жылдары 42 пайызға артығымен орындалып, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 

Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы денсаулық сақтау саласына да қомақты қаржат бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес жаңа ғимараттардың бой көтергенін жеткізді. Бүгінде Қызылорда облысы бойынша 10 миллиард теңгеден астам қаржыға 28 медициналық ұйым салынып, ел игілігіне табысталған. Ал екі бірдей ауданда жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараттары бой көтеріп, пайдалануға берілді.