Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» аясында 782 жоба жүзеге асты

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 782 жоба жүзеге асырылып, мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.

Бұл мақсатқа 5 жарым миллиард теңге бөлінді. Жеңілдетілген несие ауыл кәсіпкерлігінің дамуына қалай әсер етіп жатыр?

Қызылорда облысының әрбір екінші тұрғыны ауылда тұрады. Осы себепті «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңір үшін ерекше маңызға ие. Аймақта соңғы екі жылда 782 бизнес-бастама жүзеге асқан. Алғашында жоба агросекторға бағытталса, енді өндіріс пен қызмет көрсету салаларын да қамтып отыр.

Бағдарламаның басым бағыттарының бірі жеңіл өнеркәсіп. Қараөзек ауылының тұрғыны Ләззат Досханова жеңілдетілген несие арқылы құрал-жабдықтар алып, тоқыма бұйымдарын шығаруды жолға қойған.

Ләззат Досханова, кәсіпкер:

– Бізде тапсырыстар толассыз жүріп жатыр. Жалғыз Қызылорда облысы ғана емес, Астана, Алматы, Қазақстан бойынша жеткізіп береміз.

Сонымен қатар жиһаз өндірісі дамып келеді. Бауыржан Сәрсенов Тасбөгетте  шағын шеберханасын өндірістік цехқа айналдырған. Қазір ол ас үй жиынтықтарынан бастап, кеңсе жиһазына дейін шығарады.

Бауыржан Сәрсенов, кәсіпкер:

– «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 7 млн теңге кредит алдық. Сол кредитке осы үлкен станогымызды алып, бұл станогымыз асхана жиһазының шкафтарын, есіктерін ойып, жасап шығарады. Соны қазір жасап жатырмыз. Өндірісті үлкейттік.  

Ал Шиелі ауданында өндірістік алаң ашылды. Кәсіпкерлер барлық талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз етілді. Бизнес иелері нысанды жалдау ақысынан  босатылды. Қазір мұнда жарнама өнімдерінен бастап, кондитер, жартылай фабрикат, қағаз өнімдері өндіріледі.

Нұргүл Бағымова, кәсіпкер:Ң

- Станоктар алдық. Көрпе көктейтін станок. Көрпеше көктейтін станок. Және лазерлі станоктар алып, үлкейіп жатырмыз. Ғимаратты мемлекет тегін беріп отыр. Өте жайлы. Екі жұмысшыны жұмыспен қамтып отырмын толық.

Мамандардың айтуынша, мұндай өндірістік алаңдар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және кооперативтер құруға мүмкіндік береді. Кәсіп бастағысы келетіндердің басты мәселесі - ғимарат жалдау. Сондықтан қолдаудың осы түрі алдағы уақытта кеңейе бермек.

Талғат Дүйсебаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Осы тәжірибиені біз облыста басқа ауылдарда да ендіру бағытында жұмыстар жүруде қазір. Біз 14 ауылды белгілеген болатынбыз. Екі жылдың көлемінде облыста 1 мың 100-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. 50 кооператив құрылды. 56 шағын жылыжай ашылды. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Алдағы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға өңірге 21 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Бұл қаражат ауылдық жерлерде мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыруға бағытталады. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев