Абай облысында цифрландыру саласы қарқынды даму үстінде

Абай облысында 11 мыңнан астам оқушы роботехника бағытындағы қосымша үйірмелерге тұрақты қатысады.

Жасөспірімдер цифрлық технологияларды сабақта пайдаланып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Ақылды технологиялар оқу сапасын арттырумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де өз үлесін қосып отыр.

Темірлан Абылайхан қазір 11-сыныпта оқиды. Робототехникамен    үш жылдан бері айналысады. Болашақта өмірін инженерлік технология саласымен байланыстырғысы келеді. Бүгінде дарынды оқушы республикалық және халықаралық  жарыстарда жеңіске жетіп, қабілетін дәлелдеп жүр. Қазір кезекті маңызды сайысқа тыңғылықты дайындық үстінде.

Темірлан Абылайхан, оқушы:

- 2026 жыл цифрландыру жылы болып аталғаннан кейін біз Қазақстанның көптеген форумдары, диджитал жобаларына қатысамыз. Ол деген тек жұмысшыларға ғана емес, оқушыларға да студенттерге де кіші сынып, үлкен сынып оқушыларына да үлкен мүмкіндік. Олар тек легоны құрап жүре бермейді ғой. Олар тек Қазақстанмен шектелмей, шетелдік оқушыларға дағдыларын көрсетіп, жұмыс жасайды деп сенемін.

Абай облысында робототехника мен инженерлік бағытты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 151 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылып, оқушылар заманауи құралдарымен жұмыс істеуде. Сонымен қатар ауыл мектептерінде IT-сыныптар ашылып, интерактивті тақталар мен робототехника жиынтықтары орнатылған.

Альфира Нығматуллина, облыстық әдістемелік орталық басшысының орынбасары:

- Биыл жасанды интеллектіні пайдалану кеңінен дамып келеді.Облыста 40-тан астам ұстаз авторлық бағдарламасын жасанды интеллектіні қолдану арқылы республикалық деңгейде қорғады. Сондай-ақ OpenAI компаниясымен меморандум жасалып, «Білім класс» платформасымен жұмыс істейтін мұғалімдер ChatGPT Education жүйесіне қол жеткізді.

Цифрландыру жүйесі құқық қорғау саласында да енгізіліп жатыр. Қазір өңірде 80-нен астам ақылды камера жұмыс істейді. Олар заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, адамның бет-әлпетін анықтау арқылы орталыққа хабар береді. Бұған қоса «Тор» деп аталатын жаңа жүйе іске қосылды

Данияр Нұрпейісов, облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- «Сергек» қауіпті жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды (жылдамдықты арттыру, жолақтан шығу, телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау) тіркейді, Zerek-2  республикалық трассаларда тек лездік емес, орташа жылдамдықты да өлшейді, ал патрульдік автокөліктердегі Ekin Patrol көлік ағынында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таниды.Деректердің «шашыраңқы» болмауы үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін TOR бірыңғай платформасы енгізілді - ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсететін «бір терезе».

Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын медицина, халыққа қызмет көрсету сияқты маңызды салаларға енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі тиімді орта қалыптастыруға бағытталған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков