Саран қаласында 12 инвестжоба жүзеге асты
Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының экономикалық әлеуеті соңғы жылдары айтарлықтай күшейді.
Жаңа өндіріс орындарының көптеп ашылуы нәтижесінде шаһар моноқалалар тізімінен шығарылып, өз алдына дербес қала ретінде дамудың жаңа кезеңіне өтті. Соңғы жылдары Сарандағы индустриялды аймақта жалпы құны 448 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Сол бастамалардың бірі электрмен дәнекерленетін құбыр өндіретін жаңа зауыт. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 250 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс орны отандық нарықтағы сұранысты қамтып, әсіресе мұнай-газ және құрылыс салаларындағы құбыр тапшылығын азайтуға елеулі үлес қосады деп күтіледі. Айта кетейік, жоба Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Жол картасы» аясында іске асырылып жатыр.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы мамыр айында бұл толық іске қосылады деп отыр. Жаңа сұрастырдық, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді дейді. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан адамдардың саны 200 екен. Сонымен қатар жұмысшыларына жасап отырған жағдайды толыққанды сұрадық. Көңілімізден шықты.