Елде жүк тасымалы артады
Былтыр елде теміржол арқылы 318 млн тонна жүк тасымалданды. Биыл бұл көрсеткішті 327 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұған еліміздің транзиттік әлеуеті толығымен жеткілікті.
Жалпы елдегі тасымал көлемі жылма-жыл 20 пайызға ұлғайып келеді. Былтыр іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі де салаға тың серпін берері анық. Жобаның арқасында Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы бес есе артады.
Еліміз теңізбен түйіспейтін дамушы 32 елдің қатарында. Әйтсе де Қазақстан құрлықтың қақ ортасында орналасқан. Содан болса керек ел арқылы өтетін күре жол көп. Дәлірек айтсақ, 12 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның 5-і темір жол, 7-і автокөлік бағыттары. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы осы жолдармен жеткізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр шойын жол арқылы 318 млн тонна жүк жеткізілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 327 млн тоннаға көбейту жоспарланып отыр. Ол үшін жаңа бағыттар салынып, тозған жол қайта жаңғыртылады. Былтыр елде 1,5 мың шақырым шойын жол жөнделді. Биыл тағы 1,6 мың шақырым жаңарады. Бас-аяғы бес жылдың бедерінде 11 мың жол жаңғыртылады. Сондай-ақ 5 мың шақырым болатын жаңа бағыттар ашылып, заманауи вагондар сатып алынады.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:
- 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Халықаралық көлік дәліздері де Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік бағыты белсенді дамуда. Транскаспий бағытының өткізу мүмкіндігін арттыру үшін порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары іске асырылуда. Сауда флоты 4 пароммен толықтырылады.
Автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары рекордтық 13 мың шақырымды қамтыды. Қазір Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту, Ертіс өзені арқылы көпір салу және басқа да ірі жобалар жүзеге асуда.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- «Қалбатау-Майқапшағай» автожолы. Ел үшін маңызды жоба. Яғни көрші Қытаймен сауда-экономикалық қатынастың дамуына септігін тигізетін жолдардың бірі. Бұл жолдың ұзындығы 412 км. Сондай-ақ «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 192 шақырымы аяқталып, қозғалысы ашылды. Жолдың екінші бөлігі, қазір Ұлытауда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Авиация саласында да ілгерілеу бар. Былтыр Ақтау әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда, ал Павлодар, Балқаш және Арқалық әуежайларында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ақтау портындағы контейнерлік хабтың құрылысы да былтыр толық аяқталды. Енді жүк өңдеу үдерістері жеделдеп, қазақстандық логистиканың халықаралық бағыттардағы бәсекеге қабілеттілігі одан әрі арта түспек.