Оралда 180 отбасыға жаңа баспана беріледі

Орал қаласында соңғы 8 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 34 апатты үй сүріліп, орнына 18 жаңа көп қабатты үй салынды.

Дегенмен, шаһардағы тозығы жеткен тұрғын-жайлардың саны азаяр емес. Дәл қазір облыс орталығында 60 үй апатты жағдайда деп танылған. Мәселені шешу үшін биыл алғаш рет жалғыз пәтері апатты деп танылған 180 жанұяға қазына қаражаты есебінен баспана сатып алып беріледі. 

Оралдың орталығында Ақ отау көшесінде орналасқан мына екі қабатты үй 70 жыл бұрын бой көтеріпті. Осы аралықта ағаштан салынып, сырты кірпішпен қаланған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Қабырғасы қақырап, сылақтары құлап, төбесінен тамшы өтіп тұр. Тұрғындар амал жоқтықтан бас сауғалап, басқа жерден пәтер жалдап жүр.

Аида Сағынғалиева, қала тұрғыны:

- Мамам мен інім пәтерде тұрып жатыр. Себебі жоғарыдан құлай ма деп қорқамыз. Мына төбенің бәрі құлап «натяжноймен» бетінен келтіріп жауып қойғанбыз. Уақытша «сносқа» кеткенше тұра тұруға деп, жеңіл ремонт жасап. Былай көршілердің үйінде құлап кетті. Баяғыда танылған үй ғой. Былай құжаттары дұрыс болмағасын, «сносқа» кетіре алмай жатыр. 

Қазір апатты үйдің тұрғындары мен құрылыс компаниясы және әкімдік арасында үш жақты келісім жасалыпты. Кәсіпкер құжат мәселесі қазір оң шешілгенін, осы жердегі 2 қабатты 4 үйдің орнына 200 пәтерлік 6 қабатты бір үй салынатынын айтады. Құрылыс мамыр айында басталмақ.

Яашар Зейналов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Сол үй біткесін осы жердегі 30 отбасына аумағы бұрынғы пәтерлеріне тең немесе артық көлемде жаңа пәтер береміз. Құрылыс кезінде уақытша баспанамен қамтимыз. Әкімдік бізге инженерлік инфрақұрылыммен көмектеседі. Енді неге реновация бағдарламасына қатысамыз. Өйткені қазір қаланың орталығында құрылыс жүргізетін бос жер жоқ. Мына апатты үйлердің орнын біз тегін аламыз. Үш жақты келісімнің мәні осы.

Соңғы 8 жылда қалада 34 апатты үй сүріліп, орнына 18 көп қабатты үй салынған, 313 отбасы жаңа баспанамен қамтылған.

Мұрат Байменов, Орал қаласының әкімі:

- Ол жерде мердігер көбінесе өзі табады. Ескі үйлерге барып сөйлесіп, ұсыныстарын айтып. Әлде тұрғындар өздері келіп бізге жазылып ұсыныс береді. Бәріміз толықтай келістік, біздің үй тұрғындары жиналысының қаулысы бар қолымызда, толықтай 12 пәтер бәріміз келісіп отырмыз десе біз тізімін береміз. Мәселені қала бойынша осылай шешіп жатырмыз. 

Дегенмен, апаттың үйлердің бәрі бірдей 10 пәтерлі шағын үйлер емес. 50-60 пәтерлік үлкен үйлерді сүріп тастап, тұрғындарын жаңа пәтермен қамтуға кәсіпкерлер асыға қоймайды. Өйткені пайдасы аз, шығынын жаппай да қалуы ықтимал. Бұл жерде мемлекет көмекке келеді. Биыл қалада жалғыз баспанасы апатты деп танылған жандарға 180 пәтер берілмек. Алғашқы пәтерлер «Ақжайық» шағын ауданынан сатып алыныпты.

Мұрат Байменов, Орал қаласының әкімі:

- Осы жерде 80 пәтер сатып алдық. Қазір рәсімдеу қағаздарын жүріп жатыр. Осы қаңтар аяғына дейін аяқталу керек. Сосын осы пәтерлер беріледі. Осындай пәтерлер жыл аяғына дейін тағы 100 пәтер сатып аламыз. Сонда биыл 180 пәтерді азаматтарға береміз. 

Орал қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған 245 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ал жалпы қалада 60 үй апатты деп танылса, 231 үйдің тозығы жеткен.

Е.Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов