Түркістан облысында күріш алқабының көлемі азайды
Түркістан облысында ағын су тапшылығына байланысты биыл күріш егуге тыйым салынды. Әсіресе «Достық» каналының бойында бұл дақылды егуге болмайды.
Тек Шардара мен Отырар ауданының шаруаларына 3,5 мың гектар ғана егуге рұқсат берілді. Былтыр өңірде күріш 10 мыңнан астам гектар жерге егілді. Енді диқандар күріштің орнына суды көп қажет етпейтін дақыл түрлерін көбейтеді. Мысалы, жүгері алқабы ұлғаяды. Қазір егістік науқанына дайындық жүріп жатыр. Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жерді терең қопсыту, сор шаю жұмыстары басталды. Бүгінге дейін 3000 гектардан астам алқап қопсытылды.
Данабек Аблатаев, Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Күріш дақылын, яғни суды көп қажет ететін дақылдарды мейлінше аз егу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 2026 жылдың егіс құрылымына күріш дақылы мүлдем берілмеуде. Орнына бақша дақылын, жүгері дақылын көп егу бойынша ұсыныс ретінде айтылып жатыр.