Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі реттеледі
Елімізде заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі жан-жақты реттеледі.
Нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Сонымен қатар Аида Балаева тарихи маңызы зор бірнеше нысанды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу ұсынылатынын айтты. Олардың қатарында Жаркент мешіті, Вознесенск соборы және Қаратау жотасының петроглифтері бар. Ал Абайдың «Қара сөздерін» «Әлем жады» тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Құжаттар қазірдің өзінде сараптамалық бағалауға жіберілген. Сондай-ақ вице-премьердің айтуынша, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары аясындағы жүйелі жұмыс жалғасын табады.