Түркістан облысында тозған каналдар тазартылып жатыр

Түркістан облысында магистральды каналдар араға 40 жыл салып тазартыла бастады.

Әсіресе Жетісай ауданында  жұмыс қарқын алды. Мұнда үш өзен арнасы тазартылып жатыр. Осының нәтижесінде каналдардың су өткізу қабілеті артып, егіс алқаптарын ағын сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады, - дейді мамандар.

К-21 каналы үш ауылдық округтегі 20 мың гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Арнайы техниканың көмегімен каналдың шамамен 30 шақырымы толық тазартылды. Сонымен бірге вегетация кезеңінде қиындық тудыратын К-34 каналы да механикалық тазалаудан өтті. Оның ұзындығы 19 шақырымға жуық.

Сахтіллә Теміралиев, Теміржол ауылының тұрғыны:

- Түбі топырақ пен лайға толып, шылау мен қамыс басып кеткен канал еді. Құдайға шүкір, атқарылып жатқан игі істердің арқасында міне, айнадай, тап-таза болып тұр.

Сырлыбай Тастеміров, Жылысу ауылының тұрғыны:

- Биыл каналдың бәрін тазалап, шөптерін алып берді. Суды биыл жақсы ішеміз бе деп отырмыз. Каналды тазалау жақсы жүргізілді. Су министрлігіне, «Қазсушар» мекемесіне бәріне рахмет.

«Қазсушар» мекемесі ұзындығы 28 шақырымға жететін К-25 каналының табанын тазалап жатыр. Бұл жұмыстарға арнайы бес техника тартылған. 40 жыл бойы осында инженер-гидрометр болып істейтін Надежда Рудик мұнда бірде-бір рет мұндай ауқымды тазалау жұмыстары жүргізілмегенін айтады.

Надежда Рудик, инженер-гидрометр:

- Бұл каналдарға ешқашан мұндай ауқымда жүйелі, жоспарлы тазалау жұмыстары жүргізілген емес. Су арналары әбден тозған. Жиектері ішіне құлап, табанына қамыс өсіп кетті. Су өткізу қабілеті өте төмен еді. Соның салдарынан қаншама су жерге сіңіп, шығын болды. Қазір ағынсу алқап басына демде барады. Су шығыны да жоқ.

Облыс аумағында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 4 мыңнан астам  канал бар. Жартысынан көбі ескірген.  60 пайызы «Қазсушар» мекемесінің қарамағында. Филиал  былтыр  су шығынын азайту мақсатында 320 каналдың түбін тазалады.

Дінмұхаммед Әбдіхалық, «Қазсушар» РМК ОФ бас маманы: 

- Су шығынын азайту үшін 2025 жылы филал теңгеріміндегі каналдарда 750 шақырымнан астамы түгел дерлік механикалық тазалаудан өтті. Су қоймаларын суару маусымына дайындау, қажетті көлемді толтыру жұмыстары жүргізілді.

Мамандар су тапшылығын азайту, бар суды тиімді пайдалану мақсатында биыл өңірде 30-ға жуық су қоймасы мен ұзындығы мың шақырымға жуық каналдар мен қашыртқыларға  механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетінін айтады. Соның нәтижесінде су арналарының өткізу қабілеті артып, су шығыны азаймақ. Сонымен қатар суармалы жердің өнімділігі артып, шаруалардың табысы көбейеді. Ең бастысы өңірдегі су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік туады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш