IT саласында әлемдік нарыққа шығуға әлеует жеткілікті 

Еліміз IT саласында әлемдік нарыққа шығатын алаңға айналуы қажет. Қазақстандық IT-кәсіпкерлерді қабылдаған Президент осылай деді. 

Ерзат Дулат пен Мұрат Әбдірахмановтың цифрлық бағыттағы істері ілкімді. Бірі Higgsfield AI стартапының техникалық директоры болса, екіншісі MA7 Ventures венчурлік платформасының негізін қалаушы. Қасым-Жомарт Тоқаев олармен жасанды интеллектіні экономикаға, мемлекеттік басқару ісіне және әлеуметтік салаға жүйелі түрде енгізу мәселесін талқылады. IT-кәсіпкерлікті, венчурлік және AI-индустрияны дамыту жайы да сөз болды. Ерзат Дулат Higgsfield командасының 95 пайызы жерлестерден құралғанын жеткізді. Сондай-ақ AI-индустрияға қажетті кадр даярлау және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруда мемлекетпен серіктес болуға әзір екенін растады. Ал Мұрат Әбдірахманов Қазақстанның жаһандық венчурлік индустрияның толық қатысушысы болуға мүмкіндігі зор деді.