Ақмола облысынан Олимпиадаға алты спортшы қатысады

Милан және Кортина д'Ампеццо қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ақмолалық 6 спортшы қатысады.

Оның үшеуі шорт-трек, қалғаны шаңғы жарысында бақ сынайды. Қазір бапкерлер соларға зор үміт артады. Жалпы өңірде қысқы спорт түрлері қалай дамып жатыр? 

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Төрткүл дүние көз тігетін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бір апта қалды. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарында алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде ел қоржынына 1 алтын және 2 күміс медаль түсті. Осы үш жүлденің бәрін шаңғы жарысының шебері, ақмолалық Владимир Смирнов иеленді. Бағы мен бабы қатар шапса даңқты спортшының сара жолын осы  жастар да жалғастырады, дейді мамандар. 

Аян Шөкенов, жоғары спорт мектебінің директоры:

- Иә, бұл балалардың бәрі біздің көз алдымызда өсіп, жетілді. Осы жоғары спорт мектебінде жүргенде-ақ үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Енді кез келген спортшының арманы олимпиада шыңын бағындыру.Ойындардан зор үміт күтеміз. 

Алты ай қыс болатын Ақмола өңірі қысқы спорт түрлерін дамытуға өте қолайлы мекен. Қазір өңірде 11 шаңғы базасы мен 100-ден астам хоккей корты жұмыс істейді. Жыл сайын осы нысандардың техникалық базасы толығып, ескірген ғимараттар жаңартылады. 

Ардақ Төлендин, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Сандықтау ауданында шаңғы трассасына күрделі ремонт жасалды. Бүгінгі ол жерде республикалық, облыстық жарыстарды өткізуге болады. Кешкі уақыттта жаттығу жасауға болады. Зеренді ауылында жаңадан спорт мектебі салынды. Спорт мектебін салған мердігер өз ақшасына шаңғы трассаның ремонтын жасап берді.  

Қазір аймақта қысқы спорт түрлерімен 25 мыңға жуық адам айналысады. Бұдан бөлек 17 спорт мектебінде 2 жарым мыңнан астам бала тәрбиеленеді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко