Ұлттық қордан балалардың шотына $130 түседі

Балалардың шотына 130 доллар шамасында қаржы түседі. «Ұлттық қор – балаларға» бағдраламасы аясында мемлекет инвестициялық табыстың 50 пайызын 18-ге толмаған жасөспірімдерге бағыттайды. Бұған дейін мұндай әлеуметтік қолдау 2 рет берілді.

Былтыр Ұлттық қордың инвестициядық табысы 8,7 млрд долларға жетті. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Астанада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осылай деген еді. Енді осы соманың жартысы жасөспірімдерге үлестіріледі. Әңгіме Ұлттық қор балаларға бағдарламасы жайлы. Әр балаға шаққанда шамамен 130 долларға айналады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Алдын ала деректерге сүйенсек, төлем көлемі өткен жылғы деңгеймен шамалас болады. Яғни бір балаға шамамен 130 АҚШ доллары аударылады. Ұлттық қорға келсек, қорды басқарудан түскен табыс 8,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – доллармен есептегенде жылдық 15 пайыз. Аталған екі көрсеткіш те рекордтық нәтиже, ұлттық қорды басқару тарихында мұндай деңгей бұрын-соңды тіркелмеген.

Балаларды қолдауға бағытталған қаржы бұған дейін екі рет аударылды. 2024 жылы 7 млн-ға жуық жасөспірімге 100 доллардан берілді. Ал былтыр 130 долларға өсті. Сөйтіп екі жылда балалардың шотына 230 доллар жиналды.

2024 жылы - 6 919 131 бала

2025 жылы - 6 921 035 бала

Венера Жаналина, экономист:

- 18 жыл ішінде балардың шотына шамамен 3-4 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат жинауы мүмкін. Бұл әрине көп қаржы емес. Оның толық оқу ақысын жабуға, тіпті тұрғын үй алуға жеткіліксіз екені түсінікті. Алайда бұл бағдарламаның басты артықшылығы – алғаш рет мемлекет табысын бөлісті, яғни қор кірісі балаларға үлестірілді. Бұл тәсіл баланың ересек өмірге мүлде қаржысыз қадам басу қаупін азайтады. Яғни жасөспірімнің өмірінде алғашқы қаржылық таңдау жасауына негіз болатын белгілі бір ресурс пайда болады.

Иә, қаржы бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталады. Содан соң есепшот иелері оларды тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдалана алады. Мәселен, бұған дейін 118 мыңнан астам адам қаржыны қолдануға өтінім берген. Оның 63 мыңы баспаналы болуға, ал 52 мыңы білім алуға жұмсаған.

Өтінім - 118 мың

Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға - 63 871 өтінім

Оқу ақысын төлеуге – 54 270 өтінім