Қостанайда жастар форумы өтті
Қостанайда «Жас қолдаушы» деген атаумен жастар форумы өтті. Оған мыңнан аса жоғары оқу орындары және колледж студенттері қатысты.
Жиын барысында ел Президенті бастамасымен қабылданған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының мән-маңызы жайлы айтылды.
Форумда сөз сөйлеген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыстың алдын алу, жастарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған жұмыстар жайын баян етті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қостанай жастары» жобасының арқасында 344 жас отбасы баспаналы болды. Биыл тағы 100 отбасы осы жоба аясында қоныс тойын тойлайды.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Соңғы жылдары Қостанайда заманауй талаптарға сай зауыттар мен өнеркәсіп орындары ашылуда. «Кіа», «Камлит» басқалары секілді компанияларда бірнеше мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Жаңа өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың 55-60 пайызы бұл жастар.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет, сезімін арттыру мақсатында оқу орындарында түрлі шаралар өткізіліп тұрады.Соңғы үш жылда облыста қылмыс деңгейінің 28 пайызға азаюы осындай кешенді жұмыстардың нәтижесі.
Марат Сексембаев, облыс прокуроры:
- Біз бүгін «Жас қолдаушы-Тәлімгерлер клубы» деген жаңа жобаның тұсауын кестік. Бұл клуб- ақыл-кеңес, қолдау, қиын жағдайда көмек алатын алаңға айналады. Мақсатымыз жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, жол сілтеу.
Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік құратын қоғам құруымыз керек. Ал жаза басса, жазаға тартылатындығын әркім білуі тиіс, - дейді студент Саид Ахматжанов.
Саид Ахматжанов, студент:
- Тыйым салынған тауарларды таратып жүргендер көп. Ондай тауарларға қазіргі таңда жастарға айтарым, қойыңыздар. Өйткені Қылмыстық баптың 297 бабына орай 1-ші бөлікте 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу бек мүмкін.
Форум аясында жастар «Патруль» сериалының актерлерімен кездесіп, өзара әңгіме-дүкен құрды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров