Оралда тұрғындар тегін құқықтық кеңес алды

Оралда 100-ге жуық тұрғын заңгерлерден тегін құқықтық кеңес алды.

«Халықтық заңгер» акциясы аясында полиция және әділет департаментінің, сот органдарының өкілдері, адвокаттар азаматтарды қабылдап, көптің көкейіндегі мәселелер бойынша түсінік берді. Әділдік іздеп, кеңес алуға келгендерді мазалайтын сауалдар да сан қилы. Тұрғын үй қатынастары, жер дауы, алиментті өндіріп алу мен сот шешімдерінің орындалуы көпшілікті толғандырады. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда бұқарамен байланыстың маңызы зор, сондықтан осындай форматтағы іс-шараларды жүйелі өткіземіз, дейді ұйымдастырушылар. 

Әсел Зайдулина, облыс прокурорының көмекшісі:

- Азаматтар көбінесе әлеуметтік төлемдер, алимент, тұрғын үй, жер мәселесі, қылмыстық әкімшілік және азаматтық құқықтық заңнама шеңберінде сұрақтарымен келіп, тегін кеңес алуда. Кейбір сұрақтар қабылдау барысында шешімін тауып, ал басқалары жазбаша өтініштер тапсыруда. «Халық заңгері» жылына екі не одан да көп ұйымдастырылады. 

Жұмазия Мәжитова, қала тұрғыны:

- Осы акция жөнінде достарымнан естідім. Оған дейін тегін заңгерлік көмек беретіндерді іздестірген болатынмын. Несиені қайтару және ата-енемнің зейнетке шығуы бойынша сұрақтарым болған еді. Бүгін жеке заңгерлер мен әділет департаменті басшыларынан өз сауалыма жауап алдым. Олар жан-жақты кеңес берді. Алғысым шексіз.