Жамбыл облысында 1300 жыл бұрынғы қола тиындар табылды

Жамбыл облысы Бесағаш ауылы маңынан шамамен 1 300 жыл бұрын түркештер, қарлұқтар және қытайлар қолданған қола теңгелер табылды.

Археологтардың мәліметінше, монеталар 8-ші - 12-ші ғасырлар аралығында Таразда, сондай-ақ Қытайдың Тан және Сун әулеттері тұсында соғылған. Бұл кезеңнің басталуы 751 жылғы Атлах шайқасымен тұспа-тұс келеді. Тарихи олжа Қытай, Араб және Түркі өркениеттері арасындағы ірі қақтығыстар өткен аймақтан табылып отыр. Сонымен қатар қазба барысында XIII ғасырға тән мыс монеталар да анықталған. Күміспен күптелген дирхемдер Отырар ақша сарайында соғылғаны белгілі болды. Жалпы Бесағаш қалашығынан 50-ге жуық монета табылды.  

Сауран Қалиев, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры: 

- Нумизмат ғалымдардың бірлесіп шешкен шемімдері,  яғни сол жердегі табылған монеталардың каталогын дайындап шықты. Бұл бір ғана қалашықтағы үлкен олжа деп есептесек болады. Ғылымдағы олжа деп есептеуіміз керек. Басқа да сүйектен жасалған, нефриттен жасалған әшекей бұйымдар, бұлардың барлығы сол қазіргі таңда музейлік жәдігер ретіндегі 150 жәдігер бар.