Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті
Ел болашағын айқындайтын маңызды құжат, жаңа Ата заң жобасын талқылау жалғасып жатыр.
Конституциялық комиссияның кезекті отырысында қоғамды алаңдатқан негізгі өзгерістер мен ұсыныстар кеңінен қаралды. Мыңдаған азаматтан түскен өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық валютаның мәртебесі, әлеуметтік міндеттемелердің сақталуы, сөз бостандығына қатысты нормалар бүгінгі талқылаудың өзегіне айналды.
Жаңа Ата заңның жобасын талқылау жұмысы сенбі күні де жалғасын тапты. Тоғызыншы отырыс барысында Конституциялық комиссия мүшелері көпшілікті толғандырған негізгі өзгерістерге тоқталды. Жалпы басты құжатқа қатысты түрлі арналар арқылы 4 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұның барлығын егжей-тегжейлі қарап, саралау осы комиссияға жүктелген. Айтылған ұсыныстар ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мәселен, төл теңгені ұлттық валютамыз ретінде елдің басты құжатында бекіту бастамасы комиссия мүшелері арасында қолдау тапқан.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары – конституциялық комиссия мүшесі:
- Теңгені ұлттық валюта ретінде Конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысты іске асыру мақсатында 2-бап 6-тармақпен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы ақша бірлігі – теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.
Қоғамда алаңдаушылық білдірген мәселе мемлекет кепілдік беретін білім беру, денсаулық сақтау бағытындағы әлеуметтік міндеттемелер болды. Яғни бұлар қысқартылады деген жансақ пікір қалыптасқан. Бұл қауесетке қатысты бүгін Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсініктеме берді.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:
- Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды. Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек. Тегін деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді.
Мемлекет Қазақстанның әрбір азаматына ақысыз негізде бастауыш пен орта білім алуына да кепілдік береді. Бұл Ата заңның жаңа жобасына тайға таңба басқандай анық жазылған. Жалпы Ата заңның жаңа жобасына ұсынылып отырған маңызды өзгерістер аз емес. Атап айтқанда, ғылым мен инновациялар стратегиялық басымдық ретінде айқындалып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетін «Миранда қағидасын» енгізу көзделген. Сонымен қатар жаңа саяси институттар қалыптасады. Алайда басты жаңалық – жобаның жалпыұлттық референдумға шығарылуы. Осылайша негізгі заңға қатысты түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайды.
Риат Шони