Жаңа ғимарат неге жақпай қалды?

Державинск қаласындағы музыка мектебі жақында басқа ғимаратқа көшті. Дау содан басталды. Жаңа нысан қаланың шетінде орналасқан.

Ата-аналар қатынау қиын деп, жергілікті биліктің шешіміне қарсы болып отыр. Бірнеше рет өтініш те жазған.

Татьяна Сыроватинаның үш баласы бірдей музыка мектебіне барады. Мектептің  жаңа ғимаратқа көшкені қиын болды-дейді ол. Қаланың шетінде орналасқандықтан, қатынау оңай емес. Балалардың қауіпсіздігін де ойлайды. Әкімдік пен білім бөліміндегілер қарасылығымызға қарамады, - деп налып отыр.

Татьяна Сыроватина, қала тұрғыны:

- Сол себепті біз сіздердің арналарыңызға «е-өтініш» арқалы хат жолдап, көмек сұрадық. Өйткені біздің наразылығымыз ескерілмеді. Тілшілер келеді деген соң, жаңа нысанның ішін әктеп, жөнге келтіріп қойды. Оған дейін мүлдем басқа жағдай да тұрған.

Бұрын бұл нысанда шекара қызметі отырды. Кейін әскери құрылым тарап, ғимарат біраз уақыт бос тұрған. Маңында ескі түзету мекемесі бар. Қаңырап тұрған бос үй де көп.

Галина Картофля, қала тұрғыны:

- Ескі музыка мектебінен жаңа ғимаратқа дейінгі қашықтық шамамен 5 шақырым. Өте алыс. Жол бойында қираған ғимараттар бар. Балалар жалғыз баруға қорқады. Біз де уайымдаймыз. Бұрынғы нысан қаланың дәл ортасында еді.

Жауаптылар болса, мектепті амалсыз көшірдік деп отыр. Себебі іргетасы 1963 жылы қаланған ескі ғимарат апатты жағдайда тұрған. Балалардың қауіпсіздігін ойладық деген мамандар жаңа нысанда қолайлы жағдай жасамақ. Аумағы 2000 мың шаршы метрден асатын ғимаратта қосымша үйірмелер ашуды жоспарлайды.

Арай Әбенова, Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде жыл сайын қосымша біліммен қамтылған балалар саны өзгермейді. Оған басты себеп ескі ғимарат өте тар болды. Оның жалпы аумағы 400 шаршы метр ғана. Сондықтан біз бар үйірмелерге балаларды ала алмадық. Қазіргі ғимараттың аумағы 2 мың шаршы метрден асады.

Бибігүл Айтпаева, Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының м.а:

- Келесі аптада біз робототехника кабинетін ашатын боламыз. Қазір бізде 3D моделдеу кабинеті жұмыс жасап жатыр. Қол өнер жұмысы жасап жатыр. Және де келесі аптада ағаш өнері көшіп келеді. Ол Гастелло ауылында жұмыс жасап жатқан еді.

Музыка мектебінде 110 бала шығармашылықпен айналысып жүр. 20 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта қосымша үйірмелер ашылса, бала мен мұғалім саны артуы мүмкін. Жауаптылар қабылданған шешімді өзгерте алмаймыз деп отыр. Себебі қалада ыңғайлы ғимарат жоқ. Есесіне қаладан қатынап оқитындарға арнайы тасымал ұйымдастырмақ.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный