Елде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу салынуы мүмкін
Бұл шектеулерді Мәдениет және ақпарат министрлігі қарастырып жатыр.
Ведомство жасөспірімдерді әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салуды көздейтін онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірледі.
Қандай әлеуметтік желілер екені нақтылана қойған жоқ, бірақ ішінде қауіпті контенті бар, тәуелділікке алып келетін жарнамалары бар желілерге шектеу қойылады. Тың өзгеріс күшіне енбес бұрын алдымен сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды. Құзырлы министрліктер бірлесіп, пайдаланушылардың жасын жасанды интеллект көмегімен тексеру тетігін әзірлейді. Қажет болса, жауапкершілік шараларын қолдану көзделіп отыр.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
- Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу және кейбір тауарларды жарнамалауға тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндіктері заңнамалық тұрғыдан қарастырылады.
«Әлеуметтік желіні шектеу арқылы буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар психологиялық тұрғыда зардап шегуі мүмкін дейді», - тұрғындар.
Балаларға әлеуметтік желіні шектеу тәжірибесі Австралияда бар. Осы күнге дейін сәтті жүзеге асып келеді. Францияда да тыйым салу жағы қарастырылып жатыр. Заң жобасы Сенат қарауында жатыр. Бұл елде 15 жасқа дейінгі балаларға шектеу енгізілуі мүмкін. Жалпы Қазақстандағы бұл бастаманы спортшылар да қолдайды. Олар жастарды әлеуметтік желіден алыстап, спортқа шақырады.
Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Қазір көбіне жастар жағы тик-ток дейміз, басқа дейміз, сондай әлеуметтік желілерді жиі пайдаланып кетті ғой. Әлеуметтік желіге тәуелді болып қалады ғой. Адамда дофамин деген гормон бөлінеді. Оны дұрыс жағынан пайдалану керек деп ойлаймын.
Әлбетте, психологтардың көбі бұл пікірмен келіседі. Алайда таяқтың екінші ұшы бар дегендей кейбірі балалардың цифрлық сауаттылығына алаңдайды.
Айбек Сыдықов, психолог:
- Кибергигиена үшін болса, әлбетте бұл бастама құптарлық. Алайда түбегейлі тыйым салу, жасырын аккаунттардың көбеюіне алып келуі мүмкін деп ойлаймын. Жалпы жауапкершілік жағы қалай болмақ деген сауал туады. Бұдан бөлек, 16 жасқа дейін әлеуметтік желіні сирек пайдаланған жас болашақта цифрлық өмірге тез бейімделіп кете ала ма? Егер осыған қатысты барлық тетік ойдағыдай жасалса, әрине бұл бастама келешекте нәтиже әкелсе игі.