Түркістан облысында көктемгі тасқынға дайындық күшейтілді
Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді.
Өңірдегі су арналары мен өзендерде қауіпті учаскелер анықталып, оларды нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек көпірлерді жөндеп, су өткізу құбырлары кеңейтілуде. Қазір аймақтағы су қоймалары 59 пайызға толған.
Оңтүстікте қыс жайлы болғанымен, көктем сынақсыз өтпейді. Күн күрт жылынса, еріген қар суынан қауіп бар. Сондықтан, жауапты мамандар биыл да көктемгі тасқынға алдын ала әзірлік қамына кірісті.
Сайрам ауданындағы Ақсу өзені жағалауында бірнеше қауіпті учаске анықталды. Жағалауды су шайып, өзен ағысы өзгерген. Соның салдарынан осы аумақтан өтетін Әйтеке би, Ынтымақ және Ақсуабад ауылдарын жалғайтын жолды бұзып кету қаупі туындайды. Мамандар «егер күн күрт жылынса, су деңгейі көтеріліп, жолға қарай жайылып кетуі мүмкін» дейді. Қазір төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында өзен арнасын бұру жұмыстары жүріп жатыр. Су шайған жағалау мен көлік жолының арасы шамамен бес метр.
Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:
- Біз қазір аудандағы кәсіпкерлерді, одан кейін аудандағы коммуналдық кәсіпорын техникаларын ұйымдастырып жалпы біз 8 техника ұйымдастырды. Оның ішінде бір экскаватор, үш погрузчик және 4 камаз, 20 жұмысшылар ұйымдастырып, нақты шаралар қабылдап Ақсу арнасын қауіпсіз аумаққа бұру жұмыстар жүрігізуде. Осы жұмыстар басталғанына 2 күн болды.
Ауданда Ақсу өзенінен бөлек тағы бірнеше аумақ назарға алынды. Мамандар әсіресе Ақбұлақ ауылындағы бөгетті ерекше бақылауға алған.
Ғалым Сопбек, төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:
- Манкент ауылдық округінде «Сай» каналын бетондау жұмыстарын жасау керек. Ол бойынша біз аудан әкіміне және облыстық әкімдікке хат жолдағанбыз. Ол канал біздің «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жекеменшігінде болып табылады. Егер де толассыз жанбыр, қар су көбейген жағдайда 30 үйге қауіп бар деп есептедік.
Су тасқынына қарсы жұмыстар облысқа қарасты өзге аудандарда да қатар жүріп жатыр. Бәйдібек ауданында облыстық маңызы бар автожолдағы көпірлер күрделі жөндеуден өтті. Боралдай өзенінде қорғаныс бөгеті бетондалып, Келес өзенінің арнасы нығайтылды. Мақтаарал ауданында суару жүйелері қалпына келтірілді. Қазір аймақта қар қалың емес. Аса қауіп төндірмейді. Дегенмен, синоптиктер алдағы апталарда күн райы жауын-шашынды болады деп болжап отыр.
Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нурмахан Мусатов, Нурмахан Бекмуратов