Былтыр Ақмола облысында 10 бастауыш мектеп жабылып қалған

Былтыр Ақмола облысының елдімекендерінде 10 бастауыш мектеп жабылып қалған. Себебі ауылда оқушы жоқ.  

Небәрі 5-6 бала білім алып жүрген шағын мектептер бар. Ауылға карай көшетіндер жоқтың қасы. Керісінше, кей ауылдан үдере көшкендер көп. Жалпы өңірдегі білім ошақтарының 64 пайызы шағын жинақты мектеп. Көбінде оқушы саны 70 -тен аспайды. Бала саны аз мектептердің болашағы не болмақ? 

Абзал Азаматұлы, тілші

- Жарқайың ауданында қазір 20 мектеп жұмыс істейді. Соның 17-сі –  шағын жинақты білім ошағы. Мәселен, Пригродое ауылындағы Абай атындағы мына мектеп 300 оқушыға арналған. Десе де қазір мұнда небәрі 68 бала ғана білім алып жатыр.

Пригродное ауылындағы мектеп 1977 жылы ашылған. Алтынай Хасенова сол кезден бері тапжылмастан осы жерде жұмыс істейді. Басында 300-ден астам бала оқыған. Алайда соңғы жылдары оқушы саны күрт азайыпты. Екі жыл бұрын ауылды су басып, біраз отбасы көшіп кеткен. «Бала азайғанмен білім сапасы төмендеген жоқ», - дейді білікті маман.

Алтынай Хасенова, мұғалім:

- Ең бастысы мұғалімдер әр баламен жеке жұмыс істей алады. Көмек бере алады. Көп уақыт бөле алады. Мысалы, 5-6 оқушы болса сапасы көтеріледі. Мұғалімнің жағдайы көп болады.

Жарқайың ауданында да шағын жинақты мектеп көп. Аудандағы 2 мың оқушының жартысына жуығы  негізгі және бастауыш мектепте оқиды. Жауаптылар, жыл сайын осы оқу нысандарының техникалық базасын жаңғыртып отырамыз дейді.

Гүлжан Исаева, Жарқайың аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Барлық шағын жинақты мектептер қажеті құрал-жабдықпен қамтылған. Оқушылардың жайлы білім алуына жағдай жасаймыз. Қазір осы 17 шағын жинақты мектептің екеуі бастауыш білім ошағы. Онда 5-6 бала ғана оқиды. Оларды да назардан тыс қалдырмаймыз.

Жалпы, өңірде 5-6 бала ғана оқитын 42 бастауыш мектеп бар. Олардың болашағы бұлыңғыр ,-дейді мамандар. Себебі,   бала саны бесеуден азайса, мектеп жабылады. Былтыр 10 мектеп жұмысын тоқтатқан.

Валерий Гамазов, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Мектептерге қатысты арнайы бекітілгелген Үкімет қаулысы бар. Яғни егер бастауышта 5 бала, негізгі сыныпта 40 оқушы болса, орта мектеп жасақтауға болады. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал мектебі жабылған ауылдардың балалары арнайы интернаттарда оқуын жалғастырады.

Облыста 10 интернат жұмыс істейді. Оларда әр ауылдан 350 бала білім алып жатыр. Ал тұратын жерінде мектебі жоқ 5 мыңнан астам оқушы көрші ауылдарға қатынап оқып жүр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный