Қызылордалық оқушылар су үнемдеуді үйреніп жатыр
Қызылордада оқушылар суды үнемдеу мен табиғатты қорғауға бағытталған арнайы жобаға белсенді қатысып отыр.
Білім ордаларында су клубтары құрылып, оқушылар дебат, байқау және экологиялық акциялар арқылы су ресурстарының маңызын насихаттап жатыр. Жас экологтер өзен жағаларын тазалап, қатарластарына әр тамшы судың қадірін түсіндіруді мақсат еткен.
«Су және білім» жобасын іске асырып отырған мектептердің бірі – Қызылорда қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 мектеп. Білім ордасында «Су клубы» құрылып, оған жүзден астам жоғары сынып оқушысы мүше болған. Олар су үнемдеуге қатысты дебаттар мен байқауларға қатысып, волонтерлік қызметпен айналысады.
Мадияр Зейноллаұлы, оқушы:
- Білесіздер, Қызылорда облысында Арал теңізі бар. Қазіргі уақытта Арал теңізі экологиялық қауіптің алдында тұр. Біздің Қызылорда қаламыздан Сырдария өзені ағып жатыр. Біз осы өзен жағасын тазалау арқылы, суды үнемдеу арқылы болашақта Арал теңізінің тартылып кетпеу қаупінің алдын ала аламыз. Оқушыларға суды үнемдеуді насихаттай аламыз. Сондай-ақ бұл өзімізге қызық, өйткені түрлі жобалар жасаймыз.
Бастауыш сынып оқушылары да тіршілік нәрін үнемдеудің түрлі тәсілдерін меңгеріп жатыр. Олар арнайы жадынамалар дайындап, қатарластарына таратады. Осылайша мектеп ұжымын судың әр тамшысының қадірін түсінуге шақырады. Сонымен қатар экосурет, экоертегі сынды шығармашылық байқаулар да жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Айжан Әлімова, мектеп директоры:
- Сонымен қатар бұл бағыттағы іс-шаралар «Адал азамат» тәрбиелік тұжырымдамасы аясында сабақтарға, сыныптан тыс жұмыстарға кіріктіріле жүргізілуде. Яғни табиғатты қорғау, ресурстарды үнемдеу, ортақ іске жауапкершілікпен қарау – бұл адалдықтың, саналылықтың және азаматтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші. Сондықтан да біз адал, саналы ұрпақ тәрбиелеуде бұл жобаның маңызы өте жоғары деп айта аламыз.
Өңірдің 10 мектебінде жүзеге асып жатқан жоба ЮНИСЕФ, Францияның даму агенттігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі және Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетінің қолдауымен іске асырылып жатыр.
Ермахан Полат, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы ақпараттық-талдау орталығының жоба жетекшісі:
- Он пилоттық мектеп айқындалғанымен 45 магниттік мектеп осы жобаға тартылып отыр. Олар қалай? Жалпы сол он таңдалған пилоттық мектепке жақын орналасқан, бірдей бағдарламада оқу бағдарламасы бірдей мектептер де біздің жобамызға тартылып отыр. Бұл жерде жастар мен оқушылардың арасында суды ұқыпты пайдалану және суды үнемдейтін технологиялар ойлап табу, сонымен қатар суға деген дұрыс қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру сияқты нәтижелерді күтеміз.
Жобаға қатысушы оқушылар алдағы уақытта су айдындарының жағалауын тазарту, тамшылатып суару технологиясы арқылы жасыл желек өсіру жұмыстарына да атсалыспақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев