БҚО-да инклюзивті білім беретін маман тапшы
Батыс Қазақстан облысында инклюзивті білім беретін маман тапшы. Әсіресе логопед пен дефектолог жетіспейді.
Ал ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін бала саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сондықтан жергілікті жоғары оқу орындары инклюзивті педагог даярлауды жоспарлап отыр. Оралдың орталығындағы №43 мектепте 400-дей бала білім алады. Төрт оқушы логопедтің жәрдеміне зәру. Оларға арнайы кабинет жабдықталған. Алайда маман табылмапты.
Салтанат Ақшолақова, № 43 мектеп директорының орынбасары:
- Дефектолог мамандығына штат жоқ болғанымен логопед мамандығына 8 рет конкурс жариялаған болатынбыз. Алайда конкурсқа ешбір мұғалім қатысқан жоқ. Сол себепті қазіргі таңда логопед маман келесі мектептің мамандарын шақыртуды жөн көріп отырмыз.
Мінез-құлқында ауытқу бар немесе дамуы тежелген бала саны көбейіп барады. Мәселен Деркөл кентіндегі №51 мектепте былтыр осындай 11 бала болса, биыл 26 бала инклюзивті білімді қажет етеді.
Жаксығали Жұмабай № 51 мектеп директоры:
- Мектепте екі психолог, екі дефектолог, бір әлеуметтік педагог және логопед жұмыс істейді. Жалпы біздің «Келешек мектептерінде» инклюзивті білімге арналған орта жақсы ұйымдастырылған. Басқа мектептерден айырмасын қарасақ, бізде сенсорлы бөлмелер бар.
Облыста 7,5 мың бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 75% жалпыға бірдей білім беретін мектепте оқиды. Сол себепті көптеген балабақша мен білім ордаларында инклюзияға жағдай жасалған. Түзету кабинеттері жұмыс істейді, дәрігерлік-психологиялық кеңес беріледі. Аутизмге шалдыққан балаларға ресурстық орталық ашылды. Қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Алайда арнайы білімі бар педагогтар аздық етеді.
Шынар Бауетдинова, Облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Бізде ПМПК ұсынысы бойынша жалпы білім беретін мектептерде мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларды ортаға уақтылы бейімдеу үшін 468 педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 10 немесе одан да көп бала оқитын жалпы білім беретін мектептерде 314 дефектолог, 308 логопед енгізілді. Арнайы кадрлармен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жергілікті университет ерекше балалармен жұмыс істейтін маман даярлауды қолға алмақшы. Онда «МонтессОри, «Қолдау» және сенсорлы интеграция кабинеттері ашылды. «Арнайы педагогика» бағдарламасын енгізу жоспарда.
Гүлжан Ерғалиева, факультет деканы:
- Осы өңір сұранысына орай біз дайындалып жатырмыз. Биыл ғана емес, екі-үш жыл болды дайындалып жатқанымызға. Алдағы уақытта арнайы педегог мамандар дайындау – басым бағыттардың бірі.
Жыл сайын жергілікті университеттен 300-ге жуық маман диплом алып шығады. Олардың қатарына енді ерекше балалармен жұмыс істеуге дағдыланған педагогтар да қосылады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов