Түркістан облысында өндіріс пен құрылыс сапасы сын көтермейді

Түркістан облысындағы асфальтбетон зауыттары талапқа сай емес. Өңірдегі жол сапасын бақылауға жауапты орталық мамандары олқылықты анықтады.

Кұжатта да, өндірісте кемшіліктер көп. Түркістан облысында құрылыс көлемі артқан. Алайда саны көп болғанмен сапасы сын көтермей тұр. Ауқымды тексерістен кейін, өңірдегі асфальтбетон зауыттарының тек төртеуі ғана белгіленген талаптарға толық сәйкес келген.

Қайрат Шәкіров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Түркістан облысында қазіргі таңда 29 асфальтбетон зауытымыз бар. Оның қазіргі таңда толық құжаттамасын ұсынған зауыттардың саны төртеу. Қалған 20 зауыт қазіргі таңда реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр құжаттардың барлығын. Құрылыс маусымы басталмас бұрын барлығын ретке келтіреді. Қалған бес зауытымыз қазіргі таңда жұмыс істемей тоқтап тұр.

Жетісай бағытындағы А-15 республикалық тасжолында сапасыз асфальт төселгені анықталды. Енді мердігер мекеме өз есебінен бір жарым мың шаршы метрге жуық жол жабынын қайта төсеуге мәжбүр. Дегенмен саладағы қиындықтар тек техникалық ақаулармен шектелмейді. Зауыт директорларының бірі Александр Емецтің айтуынша, білікті мамандардың тапшылығы қатты сезіледі.

Александр Емец, Асфальтбетон зауытының директоры:

- Біріншіден, асфальт төсейтін машина операторлары өте тапшы. Сондай-ақ жол техникасын тізгіндейтін, жұмысқа шын ынтасы бар жақсы мамандарды табу қиын.

Жол құрылысындағы олқылықтар Шымкент қаласында да анықталды. Мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою міндеттелді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов