Риелторлық қызметке талап күшейтілуі мүмкін

Елде жылжымайтын мүлікке қатысты мыңдаған алаяқтық жасалады.

Оның ішінде тіркеуге алынатыны жүзге жуықтайды. Хабарландырудағы ақпараттың шындыққа жанаспауы, бір баспананы бір емес, бірнеше адамға көрсету, көбімен жалған келісім орнату, алдын ала төлем алып байланысқа шықпау сынды жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты сарапшылар саланы қатаң бақылауға алып, лицензиялау керек дейді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Елімізде риелторлық қызмет жүйелі түрде лицензияланбауы салдарынан нарықты басқару, қадағалау және цифрлық бақылау тетігі толық жетілдірілмеген. Әдетте көп компания риелторлық қызмет деп, жай ғана делдалдықпен айналысып жүр. Бүгінде салада жүрген мамандарға ортақ стандарт жоқ. Жауапкершілікті сақтандыру және бірыңғай тіркеуге алу сияқты жүйе қалыптаспаған, дейді Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков.

Олжас Құсбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заңмен реттеу жоқ болғандықтан риелторлардың арасында алаяқтық фактілері көп орын алып жатыр. Және риелторлық қызметке ешқандай квалификациялық талаптары жоқ адамдар кіріп жатқаннан кейін олардың арасында алаяқтық фактісімен сотталған азаматтар бар. Түрлі алаяқтық пирамидаларға қатысқандар бар. Бұл жерде қорғалмай тұрған Қазақстан Республикасының қарапайым азаматы. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Осыған байланысты алдағы уақытта брокерлер мен риелторлардың арбауына түсіп алданған азаматтардың кеткен қаржысы қайтарылуы бек мүмкін. Бұл мақсатта жәбірленушілерге арналған арнайы өтемақы қорын құру ұсынылып отыр. Риелторлар қорға алдын ала жарна аударады. Егер олардың алаяқтығы әшкере болса, шығын сол қордан төленеді. Бастама бірінші кезекте нарықтың көлеңкелі тұсын әшкерелеп, саланы түбегейлі реттейді, дейді құжат авторлары. Тиісті заң жобасы қазір Мәжіліс қарауында жатыр.

Депутаттардың арасынан бастамашы болып, заңға өзгерістер енгізіп, Үкіметтің қорытындысына жіберген болатынбыз. Бұл заң Үкіметтен шыққан соң біздің Парламентке қабылданып, қолданысқа беріледі. Сауда және интеграция министрлігі бұл жерде жауапты мемлекеттік орган ретінде анықталып отыр Үкімет тарапынан.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Алайда қор жұмысы қаншалықты тиімді болмақ? Шетелде брокерлер мен риелторлар кәсіби қауымдастықтардың құрамына мүше болып, арнайы сертификаттаудан өтеді. Егер Қазақстанда ұсынылған реформа күшіне енсе, нарық тазарады. Көзбояушылықпен, құр делдалдықпен айналысатын фирмалар шеттетіліп, орнын босатады. 

Лариса Степаненко, Қазақстанның өзін өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығының президенті:

 - Жаңа заң қабылданса, оған сәйкес риелторлық қызмет көрсететін кез келген маман бірінші кезекте тұтынушыға квалификациялық құжатын көрсетуі керек болады. Тиісті куәлігін алу үшін емтихан тапсырып, аттестат алуға міндеттеледі. Сонымен қатар бірыңғай реестерге тіркеліп, дербес номерін алады. Артынша өзін-өзі реттейтін қауымдастыққа құрамына кіреді. Маманның қызметі үшін жауапкершілікті қауымдастық алады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ал баспана іздеген қарапайым тұтынушылардың риелторлық қызмет сапасына көңілі тола бастайды, сенімі артады. Заңсыз бизнес тоқтап, құжаттар ашық айналымда болады. Алайда таяқтың екінші ұшы бар. Шағын агенттіктерге қойылар талап күшейтілсе, нарықта ірі ойыншылар ғана қалады. Бәсекелестік бәсеңдеп, қызмет бағасы шарықтауы мүмкін, деген тәуекелдер де жоқ емес. 

Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Абдылахат