Сауда ел экономикасының 26% өсіміне үлес қосты
2025 жылы сауда ел экономикасының 26% өсіміне үлес қосты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Онда 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда саласы еліміздің жалпы экономикалық өсімінің 26%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ішкі тауар айналымы 80 трлн теңгеге жетті. Салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Серік Жұманғариннің айтуынша, сауда өндіріс, бизнес және тұтынушы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, сыртқы тауар айналымы 1,3% өсіп, 143,9 млрд долларға жетті. Шикізаттық емес экспорт көлемі 1,2% өсіп, 41 млрд долларды құрады. Сонымен қатар шикізаттық емес тауар экспорты өткен жылдың деңгейінде сақталып, 28,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қызмет көрсету экспорты, 3,7% арттып, 12,3 млрд долларға жетті.
Сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін құрылымдық өзгерістер мен ауқымды реформаларды түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы да айтылды. Алқа отырысына қатысушылар жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға белсенді қатысуға шақырылды. Мемлекет басшысының инфляция деңгейін экономикалық тұрғыдан негізделген шекке дейін төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толық қамту бойынша нақты шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.