БҚО-да су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді
Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Оралдың өзінде тасқын қаупі жоғары.
Қазір елді мекендерден қар шығарылып, арық-арналар тазартылып жатыр. Тасқала ауданындағы Деркөл өзенінің 2300 метрдей арнасы тереңдетілді. Ағын су кедергісіз өтуі үшін бес бұрма арық казылды.
Теріскейдегі Тасқала ауданының қысы қатты, қары қалың болады. Тасқын болу ықтималдылығы жоғары аудандардың бірі. Әсіресе Деркөл, Шежін өзендері жазғытұрым арнасына сыймай асау қылық танытады. Жағасындағы Тасқала, Мереке, Оян, Атамекен, Бірлік ауылдарына қауіп төндіреді.
Рауан Рахметуллин, аудан әкімінің орынбасары:
- Қазір Бірлік ауылы маңайында тұрмыз. Осы жерден дамба жасаған болатынбыз. Бұрында су мына жерден ағып, ауыл ішімен өткен болатын. Қазір су ауыл ішіне кірмей, мына жерден Деркөлге тікелей құятын болады. Сонымен қатар «Батысирригация» техникасы келіп, су кептелісін болдырмау мақсатында Деркөл өзенінен бес бұрманы тікелей кескенбіз.
Одан бөлек, Атамекен ауылында Шежін өзенінің жағалауы көтеріліп, Мереке ауылындағы Шошқакөл бөгетінің жағасы нығайтылған. Келешекте Тасқын қаупін сейілту мақсатында Деркөл өзенінің Тасқала ауылы айналасындағы жеті шақырымдай арнасын тереңдету көзделген. Бұл мақсатқа 687 млн жұмсалмақ. Қазір 450 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.
Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:
- Жоба-сметалық құжаттары өтті. Бұған республикадан ақша бөлінді, қалған қаражат облыстан бөлінеді. Үстіміздегі жылы 7 шақырым шамасында өзендерді, судың арнасын тазалау басталады. Болашақта тасқын судың алдын алуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы басталған жағдайда келер жылы Тасқала ауданы тасқын судан түгел құтылады деп ойлаймыз.
Мамандардың мәліметінше, Тасқала ауданында қардың қалыңдығы 40 см шамасында, нормадан 28%-ға артық. Елді мекендерден 15 мың тонна қар шығарылған. Көктемге дайындық барысын құзырлы органдар да қадағалап отыр.
Алмас Оңаев, аудан прокуроры:
- Аудан прокуратурасымен жергілікті атқарушы органдармен және арнайы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, су тасқынына қатысты жасалып жатқан алдын-алу бағытындағы жұмыстарға мониторинг жүргізілуде. Оның ішінде қарды уақтылы шығару, дамбалардың жағдайы, деңгейі, оларға кеткен құрылыс нысандарына кеткен шығындардың өтелуі секілді аудан прокуратурасы мониторинг жүргізіп жатыр.
Метеорологиялық қызмет мамандары мәліметтерді саралай келе, биыл Бәйтерек және Тасқала аудандарын мен Орал қаласындағы саяжай серіктестіктерін су басуы қаупі жоғары дейді. Қазір аталған аумақтарда дайындық жұмыстары қарқын алды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов