SWAT Challenge-2026: қазақ жауынгері халықаралық жарыста рекорд орнатты

Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің офицері Дубайда өткен « SWAT Challenge-2026» жетінші халықаралық жарысында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. 

Күрең берет иегері, ширақ қимылды жігіттің бос уақыты жоқ. Өзі қызмет атқаратын 5512 әскери бөлімінің шағын залында сарбаздарды кәсіби шеберлікке баулып жүр. Қазақстанның арнайы жасағына қатаң іріктеу арқылы өткен Ислам ел сенімін толық ақтады. 

Қазақ жауынгері бес қабатты ғимаратқа небәрі 18 секундта көтеріліп, атқан оғын нысанаға дәл тигізді.Бұл жетістік рекордтық көрсеткіш ретінде тарихқа енді.

Ислам 5512 әскери бөлімінің офицері:

- Бір мерген және де бес шабуылшы болады, біз командамен жұмыс істейміз. Мына жерде таймер қосылғанда мен бесінші қабатқа жүгіріп мініп, нысананы атып тигізуім керек. Сол мен тигізгенде бір-ақ біздің шабуылшылар жүгіріп, өздерінің нысаналарын атып, қайта оралуы керек. Жалпы уақыт сонымен тоқтатылады. Менің 5-ші қабатқа жүгіріп мініп, атқаным 18 секунд  болды. Бұл әлемдік рекордқа енді.

Жарыстың кейінгі тапсырмалары да күрделі болған. Қатысушылар алдымен өткел арқылы судың үстімен өтіп, кейін 300-400 метрге жүгіріп барып, нысананы дәл көздеуі тиіс еді. Қазақстандық жауынгерлер барлық кезеңді мүлтіксіз орындап шықты. Осы сын сағаттарында Исламға әріптестері үлкен қолдау білдіріп, нағыз командалық бірліктің үлгісін көрсетті. 

Рүстем Ғабдулин, 5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Біз жарыс жүріп жатқанда Исламға жанкүйер болдық. Ол мыңдаған шақырым қашықтықта жүрсе де, барлық сарбаздар, офицерлер және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер оған қолдау көрсетті. Бұл әсіресе біздің мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарымызға үлгі. Олар жігерленіп, жаттығуларын күшейтіп, Исламға ұқсауға талпынып жатыр.

Дубайда осымен жетінші рет өткен «UAE SWAT Challenge – 2026» халықаралық жарысында Қазақстан командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Тартысты бәсекеде басты қарсыласымыз Қытай командасын басып оздық. «Алайда бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды», - дейді Ислам. Келесі маусымда бұдан да мықты командалар келуі мүмкін, сондықтан дайындық жұмыстары алдағы уақытта үздіксіз жалғаса береді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков