Петропавлда су тасқыны салдарынан жаңа баспанаға көшкендерге үйдің құжаты берілмеген
Петропавлда су тасқыны кезінде баспанасы жарамсыз болып, кейін жаңа қонысқа көшкен тұрғындар әлі күнге үйін заңдастыра алмай жүр.
Себебі олардың қолында меншік иесін растайтын құжат жоқ. Қалалық әкімдік қызметкерлері жылжымайтын мүлікті тіркейтін республикалық база істемей тұр деген уәж айтты.
Петропавлда 2 жыл бұрын болған су тасқынынан кейін жаңа үйлер салынып, «Бірлік» шағын ауданы бой көтерді. Зардап шеккен 700 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Алайда, олар әлі күнге дейін үйін өз атына рәсімдей алмай жүр.
Екатерина Дегтярёва, қала тұрғыны:
- Бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Үйдің құжаты әлі жоқ. Соның кесірінен мекен-жайымыз бойынша тіркеуге тұра алмай жүрміз. Соңғы рет жауаптылар «бұл сұрақ екі апта ішінде реттеледі» деді. Өкінішке орай, уәде орындалмады.
Осылайша тұрғындар екі жылдан бері құжатсыз жүр. Демеушілер есебінен салынған үйлер алдымен құрылыс басқармасының, кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына өткен. Ондағы мамандардың айтуынша, бүгінде 300 - ге жуық үй рәсімделіпті. «Қалғанының құжатын дайындау әзір мүмкін болмай тұр, себебі республикалық база істен шыққан» дейді олар.
Қалия Түренова, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл жұмысты біріңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры тежеп тұр. Меншік иесін тіркейтін республикалық база істемейді. Астанадағы орындаушы мамандарға шықтық. Олардан ақау тез арада реттеледі деген жауап алдық.
Бірақ бұл ақпаратты «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясы жоққа шығарды. Ондағы мамандардың сөзінше, біріңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры тұрақты жұмыс істеп тұр. 2025-інші жылы іске қосылған республикалық базаға ел бойынша 65 мың өтініш түскен. «Ал, Петропавлдағы жер телімдері жергілікті тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімімен рәсімделіп тіркелмеген», - дейді мамандар. Бұл жағдайда өтініш қабылданбайды.
Дархан Ілдебаев, "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры департаментінің менеджері:
- Бұған дейін жергілікті атқарушы орган Петропавл қаласы әкімдігінің ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен жер учаскілерін беру туралы қаулы қабылданған. Алайда, олар жерді рәсімдеу жұмысын толық аяқтамай, құқықтарын тіркемеген. Соның салдарынан процесс бұзылып, аяқсыз қалған. Осыған байланысты жаңа өтініш беруші жер учаскелерін алуға өтініш бере алмады.
Қазір 400-ге жуық үйдің құжаты дайын емес. Жауапты мамандардың айтуынша, олардың мәселесі ақпан айының соңына дейін шешіледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл мәселені шұғыл түрде шешу үшін қалалық әкімдікте арнайы топ құрылды. Олар тұрғындарға барлық құжатты жинап, тапсыруға көмектеседі. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталығында бөлек мамандар бекітілді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков