Түркістан облысында үш мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Түркістан облысында 3000 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Жер ресурстарын басқару комитетінің облыстық департаменті Отырар ауданы әкімдігінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде жер заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми хабарламасына сай,  екі мың гектарға жуық жер телімі ауданның әкімшілік шекарасынан тыс жерде берілген. Сонымен қатар басқа ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіге 1000 гектар жер телімін беру кезінде де осындай заңбұзушылық анықталды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімімен, аталған жер телімдері мемлекетке қайтарылды.