Атырау облысында балықтарға оттегі жетпей жатыр
Атырау облысындағы көлдер мен тұйық су айдындарында балықтарға ауа жетпей жатыр. Қазір мұздың қалыңдығы жарты метр.
Осыған орай балық инспекциясы жергілікті билікпен бірігіп, аэрация жұмысын күшейтті. Мысалы, Индер ауданында ірілі-ұсақты 21 көл болса, соның 17-де балықтардың тұншығу қаупі жоғары-дейді мамандар. Инспекторлар көл бетіндегі қалың мұзды ойып, оттегі жіберіп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, бастауын Ресейден алатын Жайық өзенінде биыл ағыс тоқтаған жоқ. Өзенге секундына 90 текше метр су келіп жатыр. Бұл балыққа қажетті оттегінің молаюына ықпал еткен. Ал тұйық су айдындарында жағдай күрделі. Біраз көлшікте мұз әлі сіресіп жатыр.
Жәсен Жолдасқалиев, Индер аудандық Балық инспекциясының бас маманы:
- Кіші Елтай көлінде мұздың қалыңдығы 40-45 см-дей. Судың тереңдігі – 1-1,5 метр. Әр жерінде әртүрлі. Бұл жердегі балықтар: қара балықтар, шортан, карась, табан балықтары, көксерке балықтары бар. Жұмыс мұз қатқалы жүйелі жүруде. Осы Индер ауданының аумағы және өткенде қаңтар айының аяғында 29-30-дарында Миялы ауылында да осындай жұмыстар жүргізілді.