Ел аумағында көктемгі тасқынға дайындық күшейтілді
Ел аумағындағы ірі су қоймаларында 14,3 миллиард текше метрден астам тасқын суды қабылдауға мүмкіндік бар.
Ал көтерілетін су көлемі болжам бойынша, 9,1–13,9 миллиард текше метр шамасында. Солтүстік өңірлерде су қоймаларының толу деңгейі 70 пайыз болса, орталықта – 68, батыста – 48, шығыста – 86 пайыз. Мамандар бұл резерв тасқын суды қауіпсіз қабылдауға жеткілікті дейді. Алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл 56 гидротехникалық нысан тексеріліп, 39 нысан жөндеуден өтті. Сонымен қатар елді мекендер маңындағы 166 шақырым өзен арнасы тазартылды. Қазір 16 мамандандырылған ұйым 846 нысанды қадағалап, 1193 маман тасқын кезінде халық пен инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын отыр. Су ресурстары министрлігі деректерді күн сайын бақылап, қажетті техника мен материалдарды алдын ала дайындап қойғанын айтады.