Биыл 547,7 мың адам жұмыспен қамтылады

10 мыңнан аса адам жұмысшы мамандықтары бойынша даярлықтан өтеді. Барлығы еңбек нарығындағы сұранысқа қарай қамтылмақ. 

Ал SkillsEnbek платформасы арқылы тағы 100 мыңдай адам оқытылады. Сондай-ақ 500 мың оқушы мен студентке Enbek.kz сайтынан жұмыс іздеу дағдылары үйретілмек. Бұл ақпарат еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алқасының кеңейтілген отырысындай айтылды. Отырысқа Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жалпы жұртшылықты жұмыспен қамтудың жоспары ауқымды. Биыл 3 млн 100 мың тұрғынды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Ал 2029 жылға қарай тағы 3 млн 800 мың адамға жақсы жалақылы жағдай жасалмақ. 

Енді өңірлік картаға келсек, 547 мың азаматты, оның ішінде NEET немесе қоғамдық өмірден шет қалған жастарды тарту мұраты тұр. Былтырдан бастап жұмысқа орналасу зейнетақы жарнасының дерегі негізінде бақыланып келеді. Осылайша жалған есеп беруге тосқауыл қойылады. Бұдан бөлек министр мүгедек жандарды қолдау туралы айтты.  Елде олардың саны 750 мыңнан асады. Қазір «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 4 өңірде мүгедек балаларды үй жағдайында оңалту жобасы сыналып жатыр. Инновациялық-техникалық құралдарды қолдану арқылы 508 жетіншек оңалтудан өтсе, 360-тан аса баладан оң динамика байқалған. Тағы 23-і өздігінен жүре бастаған. Ал министрліктің алдағы міндеті – облыстарда оңалту орталықтарын ашу.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мүгедектігі бар адамдар үшін 12 әлеуметтік оңалту орталығын салу жұмысы жалғасуда. 2023-2024 жылда біз төрт ораталықты іске қосып, жұмысын бастады. Енді осы жылы бізде сегіз орталық жоспарланып тұр. Енді Ақтөбе, Ақмола, Атырау облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктері 2026 жылы іске қосу қажет жұмысын күшейту керек. Құрылысшылармен кездесу керек болса, кездесеміз. Павлодар және Алматы облыстарында және Астана қаласының әкімдігі орталықтар құрылысын 2027 жылы аяқтау қажет.