Конституциялық реформа: гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтарға жаңа көзқарастар

Гендерлік саясат пен отбасы құндылықтарына жаңа көзқарас. Жаңа Ата заң жобасына енгізілген осы бағыт бойынша бүгін Астанада халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Жиынға депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес бірлестіктер және халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Ой бөлісу алаңында спикерлер тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жаңартылған Конституциялық тәсілдерге талдау жасады. Отбасы институты, ана мен баланы қорғау мәселелері сөз болды. Сарапшылар пайымынша, заңда балаға қамқорлық жасау, оған тәрбие беру – ата-ананың құқығы әрi мiндетi екені айқын жазылған. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасына кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi деген норма енгізіліп отыр. 

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Конституцияда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген. Қазақстандағы отбасының қандай екендігі, дәстүрлі екендігі нақтыланған. Ол дегеніміз ер мен әйелдің тең құқылы ерікті одағы заңға сәйкес тіркелген. Сонымен қатар ана, әке, бала мемлекеттің қорғауында делінген.